Депутат бірнеше жұмысшы мамандықтардың жалақысын өсіруді ұсынды

Кәмшат Тілеухан 25 мау. 2025 14:25

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков зейнет жасындағы техникалық кәсіп иелеріне, атап айтқанда аула сыпырушысы, еден жуушы, киім қабылдаушы сынды мамандарға да құрметті атақтар тағайындап, оларды төсбелгілермен марапаттауды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол өзінің депутаттық сауалы еңбегі көбіне дұрыс бағалана бермейтін қарапайым жұмысшыларға қатысты екенін атап өтті.

"Жұмысшы мәртебесін көтеру туралы айтқанда, мұнымен біз нені қамтимыз? Бұл мекеменің беделін көтеру ғана емес, сонымен қатар осы мекемеде жұмыс істейтін қызметкердің мәртебесін көтеру туралы да болуы керек. Қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін, көзге көріне бермейтін, бірақ аса маңызды жұмысты орындайтын мамандардың: аула тазалаушылардың, техникалық қызметкерлердің, гардеробшылардың, күзетшілердің, вахтерлердің, еден жуушылардың және басқа да қосалқы кәсіп өкілдерінің мәртебесі мен еңбек жағдайлары мәселесі ерекше өзекті", - деді депутат.

Ол көбінесе біздердің басшылық және негізгі мамандарға назар аударатынымызды атап өтті. Бірақ әлдебіреудің әкесі немесе ағасы болып келетін есік аузындағы күзетші немесе әлдебіреудің анасы немесе әпкесі болып табылатын еден жуушыны назардан тыс қалдырып жатамыз.  

"Иә, олардың жұмысы керемет беделге ие емес шығар, бірақ біз бұл адамдардың адами, азаматтық және әлеуметтік мәртебесін құрметтеуге және оны көтермелеуге міндеттіміз. Олардың да балалары бар. Олар: "Менің анам еден жуушы, әкем қарауыл» деп мақтанышпен айта алады ма? Біз олардың осылай мақтанатындай жағдай жасауымыз керек. Бүгінгі таңда бұл жұмысшылардың жалақысы орташа республикалық деңгейден едәуір төмен. Ауыр физикалық жұмыс екендігіне қарамастан, олар көбінесе әлеуметтік қорғау, түрлі жеңілдіктер мен кәсіби қолдаудан да тыс қалып жатады", - деді Таңсәуле Серіков.

Депутат егер осы адамдар кем дегенде бір күн жұмысқа шықпаса, көшелер қоқысқа толып, кеңселер шаңға бөгіп, әдеттегі тазалықтан жұрдай болатынымызды да айтады.

"Неліктен біз оларға тиісті көңілді бөлмейміз? Осындай жұмысшылармен сөйлесе отырып, жалақының төмендігі, жеңілдіктердің болмауы, сондай-ақ әлеуметтік немқұрайлылық олардың күнделікті шындығы екенін аңғардық. Бүгінгі таңда бұл кісілердің басында еңбекақының төмендігі; нақты бекітілген әлеуметтік мәртебенің болмауы; оңалту мен сауықтыру немесе демалу үшін мүмкіндіктерінің шектеулігі; кәсіби өсу мен біліктілігін арттыру жағдайларының болмауы сынды проблемалар бар", – деп сөз толықтырады Таңсәуле Серіков.

Депутат әрбір мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемеде мынандай қажетті шаралар қабылдауы керек деп санайды:

  • жылына бір рет осы санаттағы қызметкерлерге мекеме есебінен санаторийге жолдама беру;
  • 13-ші жалақы төлеу;
  • жыл сайынғы демалысқа шыққан кезде екі жалақы мөлшерінде қосымша жәрдемақы беру;
  • тегін оқыту және кәсіби қайта даярлықтан өтуін қамтамасыз ету;
  • зейнеткерлікке шыққан техникалық кәсіп ардагерлері үшін құрметті атақтар мен көтермелеу нысандарын енгізу.

"Біз күнде таза кеңсеге келіп, таза көшелермен жүріп, жылы қабылдауларға әбден дағдыланғанбыз. Бірақ осының артында жұмысы "көрінбейтін" мыңдаған жұмысшылар барын ұмытпаңыз. Бұл - тек материалдық мәселе емес, адамгершілік пен әділеттілік мәселесі. Жұмысшы мамандықтар жылы тек әдемі ұранмен әспеттеліп қалмауы керек. Ол нақты әрекеттермен толтырылуы тиіс. Ал бұл ретте бірінші қадам - кәсіби иерархияның төменгі жағындағы адамдарға қамқорлық жасау", - деп сөзін жалғастырады депутат.

Сондай-ақ ол аталған санаттағы қызметкерлердің жалақысын көтеруді қарастыруды ұсынады.

"Оларға қатысты "Қоғамдық маңызға ие мамандықтағы жұмысшылар" мәртебесін заңнамалық тұрғыда бекіту керек. Шипажайға тегін жолдамалар беру үшін мемлекеттік квоталарды жыл сайын бөлу жүйесін енгізу қажет. Қайта даярлау және кәсіби өсу курстарына тегін қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етуіміз тиіс. Техникалық мамандықтардың зейнет жасындағыларға  – еден жуушыларға, аула сыпырушыларға, гардеробшыларға және т.б. үшін құрметті атақтар мен төсбелгілерді енгізу мүмкіндігін қарастыру керек", – деп ұсынады Серіков.

Айта кетсек, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары 2025 жылы ең көп сұранысқа ие 10-топ жұмысшы мамандықтың атын атады


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар