ChatGPT-ді әзірлеуші компания Қазақстан бюджетіне 1,8 миллиард теңге көлемінде салықты толық төлемеген. Бұл сома салық органдарының хабарламасынан кейін ғана бюджетке аударылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Әділов айтты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша фискалдық органдар салық төленуіне қатысты сұрақ туындаған 77 шетелдік интернет компанияны анықтаған.
Платформалардың бір бөлігі Қазақстанда шартты тіркеуде тұрмаған. Ал кейбір компанияларда қазақстандық пайдаланушылар жасаған төлемдер көлемі мен төленген қосылған құн салығы арасында сәйкессіздік анықталған.
Талғат Әділовтің айтуынша, хабарлама алғаннан кейін шамамен сегіз компания өз міндетін орындаған.
"Ірі сомалар туралы айтсақ, ChatGPT 2025 жыл үшін төленбеген 1,8 миллиард теңге салықты кейін төледі", - деді Талғат Әділов.
Ірі төлем жасаған компаниялардың тағы бірі - AliExpress. Камералдық бақылау нәтижесінде маркетплейс Қазақстан бюджетіне 600 миллион теңгеден аса қаражат аударған.