Бизнес-форум: Ауғанстанға алты отандық компания ұн және дәнді-дақылдар жеткізетін болды

Кәмшат Тілеухан 23 қаз. 2024 11:23 1538

2024 жылғы 22 қазанда Алматыда екінші Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумы өтті. Форум қорытындысы бойынша жалпы сомасы 317,6 млн АҚШ долларын құрайтын сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 23 құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Іс-шараға Қазақстан мен Ауғанстаннан 300-ден астам делегат қатысты.

"Форум аясында B2B кездесулер өтіп, ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланды. Қол жеткізілген келісімдер аясында алты қазақстандық компания ауған тарапымен ұн және дәнді дақылдарды жеткізуге келісті. Олардың жалпы сомасы 37 млн АҚШ долларынан асады", делінген Сауда және интеграция министрлігінің хабарламасында.

Сонымен қатар, астық өнімдерін жеткізу бойынша 179 млн АҚШ долларына меморандумдарға қол қойылды. Рапс, күнбағыс және соя бұршағын жеткізуге арналған келісімдер де жасалды. Форум аясында жасалған келісімдер екі елдің экономикалық байланыстарын нығайтады және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Айта кетсек, бұған дейін экпортқа бағытталатын Қазақстан астығының басым бөлігін тұтынатын Ауғанстан көлемді қысқарта бермек ниетте екенін жазған болатынбыз. Себебі мұнда бұрын көкнәр себіліп келген алқапқа бидай салына бастаған. Сондықтан жергілікті диқаншылар сырттан әкелінетін бидайға эмбарго жариялауды сұрауда. Оның үстіне биыл Ауғанстанда бидай мен ұнға салынатын баж салығының көлемі көтерілген. Мәселен, бұрын 1 тонна бидай үшін олар 25 доллар баж төлейтін болса, қазір ол 40 долларға жуықтапты. Ұн үшін 35 доллар төлеп келсе, ал баж салығы қосылса, ол 55 доллар болмақ. Сол секілді бұрын Ауғанстан Қазақстаннан алған астықты ары қарай Пәкістанға сатып, пайда тапқан. Қазір бұған да тыйым салыныпты...


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар