Қазақстан қор биржасында (KASE) 6 мамырда сағат 11:00-де теңгеге шаққандағы 1 АҚШ долларының тіркелген орташа бағамы 514,75 теңгені құрады. Осылайша апта басында қайта әлсірей бастаған ұлттық валютамыз қайтадан 3,78 теңгеге қымбаттай түсті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кеше ғана Ұлттық Банктің таңертең бекіткен 1 АҚШ долларының ресми бағамы 516,16 теңге болған. Ал кешке қарай әлемдік мұнай нарығындағы бағаның құлдырауына байланысты доллар күш алып, бағамы 518,7 теңгені құраған. Сарапшылар да мұнай құнсызданса, теңге де құнсыздана беретінін жарыса айтқан еді. Алайда қор биржасындағы бүгінгі күндізгі жағдай басқаша сипатта.
Негізі, әлемдік нарықта Brent маркалы мұнайы әлі құнсыздануда. Кешегі бір баррелдің бағасы 59 доллар болса, бүгінгі баға - 58 доллар.
Алматыдағы ақша айырбас орындарында 6 мамырда 1 АҚШ доллары 514 теңгеден сатып алынып, 517 теңгеден сатылуда, ал 1 евро 583 теңгеден сатып алынып, 590 теңгеден сатылуда.
Ресейлік миллиардер Олег Дерипаска мұнайдың бір баррелі 45 долларға дейін төмендеуі ықтимал екенін болжайды. Мұндайда билік шетелдік валютамен Ұлттық қорға келіп түсетін азайған түсімді кішкене болсын арттыру үшін долларды қымбаттатуға көшетіні белгілі. Осы жағынан алғанда, америкалық валютаны сатып алуға қазір қолайлы кезең секілді.
Бұған дейін сайтымызда мамыр айының соңына қарай теңгеге шаққанда 1 АҚШ долларының бағамы қанша болатынын жазғанбыз. Бұл туралы Halyk Finance өз болжамын жариялады.