Мамыр айының соңында доллар құны қанша болады - Halyk Finance болжамы

Кәмшат Тілеухан 05 мам. 2025 14:01 370

"Мамыр айында Ұлттық Банк тарапынан жасалатын валютаның таза сатылымы көлемі айтарлықтай өзгеріске ұшыра қоймайды, алайда мұнай бағасы қазіргідей төмен деңгейде қала беруі мүмкін. Осылардың барлығын ескерсек, мамыр айының соңына қарай теңгеге шаққанда 1 АҚШ долларының бағамы 510-520 теңге аралығында қалыптасады деп есептейміз".Halyk Finance Талдау орталығының сарапшы Айдос Тайбекұлы осындай болжаммен бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, мамыр айында Ұлттық қордан валюта алып, сату сәуір айындағыдай жоғары деңгейде қалыптасады: 950 млн доллардан 1050 млн долларға дейін, бұл соңғы кезеңдегі мәндерден айтарлықтай жоғары.

"Ұлттық банк ұсынған есепте бұл соманың қай бөлігі бюджетке аударылатыны, ал қай бөлігі инфрақұрылымдық жобаларға арналған "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ бағалы қағаздарын сатып алуға жұмсалатыны нақты көрсетілмеген. Қалай болғанда да, мұндай қарқын өткен жылдағыдай Ұлттық қордағы активті пайдалануды үдете түседі. Жалпы, Ұлттық қордан шетел валютасын алып, сату көлемінің ұлғаюы бюджет саясатының циклділігін арттырады, бұл өз кезегінде теңге бағамы мен инфляцияға әсер ететін болады", - дейді маман.

Сонымен қатар, Айдос Тайбекұлы Ұлттық Банк "шағылыстыру" тәжірибесін одан әрі пайдалана беретінін, оның аясында мамыр айында 213 млрд теңге (шамамен 414 млн доллар) көлемінде валюта сату жоспарланып отырғанын нақтылайды. Оның үстіне мамырда квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімдерінің 50%-ын міндетті түрде сатуы туралы ереже өз күшінде болады. 

"Сондай-ақ, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 40% деңгейінде сақтау мақсатында Ұлттық банк БЖЗҚ үшін шетел валютасын сатып алуды жалғастыруды жоспарлап отыр. Мамыр айында валюта сатып алу көлемі 250 млн доллардан аспайды. Бұл ретте Ұлттық банк  валютаны сатып алу нарықтық жағдайларға байланысты жүргізілетінін айтып, оның нақты сатып алу сомасын жарияламады. БЖЗҚ үшін сатып алынатын валюта сомасының болмауы нарықтық бейтараптық принципінен ауытқуды көрсетуі мүмкін. Нәтижесінде, мамырда Ұлттық банк нарықта шетел валютасын таза сатуы сәуірдегі 1 131 млн доллармен салыстырғанда аздап көбейіп, шамамен 1 164 млн долларға жетеді. Мамыр айында мұнай бағасының қазіргі төмен деңгейінде қалуы ықтимал екенін ескерсек, айдың соңына дейін 1 АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы 510-520 теңге аралығында болмақ", - дейді Halyk Finance сарапшысы.

Бұған дейін сайтымызда мұнай бағасы 60 доллардан да төменгені, осылайша ОПЕК+ Қазақстанды жазалауға жең түре кіріскені, бұл ретте Үкіметтің не қам жасап жатқаны туралы мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар