Freedom Inside '26

Air Astana рейсі бір тәулікке жуық кешіккен

Air Astana рейсі бір тәулікке жуық кешіккен
Фото: wikimedia

Air Astana әуе компаниясының Анталия–Астана бағытындағы KC 792 рейсі техникалық ақауға байланысты бір тәулікке жуық кешікті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жолаушылардың айтуынша, ұшақ ұзақ уақыт бойы ұшпай, жөндеу жұмыстары тікелей әуежайда жүргізілген. Олар техникалық мамандардың қозғалтқыш бөлігін жөндеп жатқанын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған.

Air Astana бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, ұшақтағы техникалық ақауды жою үшін қосалқы бөлшекті ауыстыру қажет болғанын мәлімдеді. Компанияның айтуынша, барлық жөндеу жұмыстары халықаралық авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес жүргізілген және ақау толық жойылғаннан кейін ғана ұшуға рұқсат берілген.

Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі рейстің техникалық себепке байланысты кейінге шегерілгенін мәлімдеді.

“Техникалық себепке байланысты рейс кейінге шегерілді. Ұшақ жергілікті уақыт бойынша сағат 19:33-те (Астана уақытымен 21:33) ұшты”, – деп хабарлаған әуе компанияның баспасөз қызметі.

Әуе компаниясы қауіпсіздік талаптары әрдайым бірінші орында екенін атап өтті. Сондай-ақ рейстің кешігуіне байланысты жолаушыларға қонақүй, тамақ және қолданыстағы ережелерге сәйкес басқа да қызметтер көрсетілген.