Биыл Талдықорған қаласының бюджеті 33 пайызға ұлғайтылды

Ақтоты Жапатова 20 ақп. 2025 14:11 851

Талдықорғанды қауіпсіз, жайлы және жасыл қала ретінде дамыту үшін 2025-2026 жылдардың нақты жоспарлары жасалып, қала бюджеті 33 пайызға ұлғайтылды. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев журналистерге берген сұхбатында айтты,- деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңір басшысы өз сөзінде облыс орталығын дамытудың басым бағыттарына тоқталды. Бұл ретте қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі алдыңғы орында тұр. Осы мақсатта қоғамдық тәртіпті қадағалайтын 585 бейнекамера және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 136 «Сергек» камерасын орнату межеленген. «Смарт Сити» форматы бойынша қаланың тіршілігін тәулік бойы бақылай алатын ситуациялық орталықты іске қосу жоспарда бар. Оған қоса көшелерді жарықтандыру да қолға алынады. Бүгінгі күні қаладағы 640 көшенің 420-сында ғана, яғни, 65 пайызына жарық орнатылған. Осыған орай жергілікті бюджеттен биыл көшелерді жарықтандыруға 3,5 млрд теңге бөлініп отыр. Соның арқасында бірқатар саяжайларда және «Хутор», «Шығыс» және басқа да аудандарда көшелер жарықтандырылады.

Сонымен қатар қала тұрғындардың өмір сүруіне жайлы болуына да назар аударылады. Яғни халық баспанамен, жылумен, электрмен, сумен, газбен қамтамасыз етілуі керек. Мәселен, өткен жылы Талдықорғанда 1283 отбасыға баспана берілсе, биыл тұрғын үйге ие болатындардың саны 1500-ге жуықтайды деп жоспарланып отыр.

Шаһардың көркі абаттандыруға тікелей байланысты. Сондықтан аулаларға воркаут алаңдарын салу, көп қабатты үйлердің шатырлары мен қасбеттерін жаңарту, арықтар мен арналарды қалпына келтіру жалғастырылады. Былтыр 28 көпқабатты үйдің шатырына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Көппәтерлі 10 үйдің қасбеті жасалды. Биыл тағы 30 көпқабатты үйдің шатыры мен 32 үйдің қасбеті жөнделеді.

"Қаладағы «Ұлан» ықшам ауданына отыз жылдан астам уақыт жөндеу жүргізілмеген. Ауданды абаттандыру мәселесін ұзақ талқылап, сараптама жасап барып, дұрыс шешім қабылдадық. Сол арқылы тәжірибе қалыптасты. Енді кешенді түрде жұмыс істейміз. Былтыр алдымен 25 көп пәтерлі үйдің 5 ауласын жөндедік, қалған аулаларды биыл бітіреміз. Сондай-ақ «Ұлан» ықшам ауданындағы жөндеуді қажет ететін көп қабатты үйлердің шатырын жөндейміз. Содан соң «Жетісу» және «Жұлдыз» ықшам аудандарына ауысып, кешенді тәртіппен көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Яғни, алдымен қаланың назардан тыс қалған шеткі аудандарын қамтимыз", - деді Б. Исабаев.  

Көгалдандыру жайына келсек, Талдықорғанда өткен жылы 10 мыңдай ағаш отырғызылса, биыл 12 мыңнан астам көшет егу көзделген. Қаланың «Құлагер» шағын ауданында аумағы 1,2 гектар болатын жаңа саябақ салу жоспарда бар. Ал «Бірлік» шағын ауданда жаңа сквер пайда болады. Сол сияқты ағаштар мен көгалдарды суару жүйесін реттеу қолға алынған. Бүгінге дейін шамамен 10 шақырымдай арық жүйесіне жөндеу жүргізілді, бұл жұмыс биыл да жалғасады. Оған қоса Орталық және «Жастар» саябақтарына ағымдағы жөндеу жасалады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар