2026 жылдан бастап күшіне енетін Салық кодексіндегі өзгерістер Қазақстандағы бизнес ортаны түбегейлі қайта қалыптастырмақ. Бұл өзгерістердің кімге мүмкіндік, ал кімге қауіп төндіретінін Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Айгерім Ілиясова жан-жақты түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Барлық бизнеске ортақ өзгерістер
Сарапшының айтуынша, жаңа Салық кодексі ірі де, шағын да бизнеске әсер етеді. Ең маңызды жаңалықтардың қатарында:
- қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесінің өсуі,
- шағын бизнеске арналған арнайы салық режимдерінің өзгеруі,
- «жеңілдетілген» режимде шығындарды шегеруге тыйым салу бар.
Ірі бизнеске әсері: бейімделу, бірақ күйреу емес
Айгерім Ілиясованың сөзінше, ірі компаниялар үшін ең ауыр тұсы - жеңілдетілген декларациямен жұмыс істейтін жеткізушілерден алынған тауарлар мен қызметтер бойынша шығындарды шегеруге тыйым салынуы.
Бұл ірі бизнеске үш таңдаудың бірін қалдырады:
- жеткізушіні ауыстыру,
- жеткізушіні жалпыға бірдей салық режиміне көшуге мәжбүрлеу,
- немесе корпоративтік табыс салығының (КТС) артқан жүктемесін өз мойнына алу.
Алайда сарапшы ірі бизнес үшін «тірі қалу» мәселесі тұрған жоқ дейді. Өскен ҚҚС-тың ауыртпалығы, түптеп келгенде, компанияларға емес, соңғы тұтынушыға жүктеледі.
B2B секторындағы шағын бизнеске қысым күшейеді
Ал заңды тұлғалармен жұмыс істейтін шағын бизнес үшін (B2B) жағдай әлдеқайда күрделі. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап олар серіктестерін сақтап қалу үшін:
- жалпыға бірдей салық режиміне өтуге,
- толық бухгалтерлік есеп жүргізуге,
- жылдық айналымы 43 млн теңгеден асса, ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуге,
- электронды шот-фактура жазуға,
- жеңілдетілген режимдегі 3% айналым салығының орнына салық салынатын пайдадан 10% КТС (ЖШС үшін 20%) төлеуге міндетті болады.
Бұл талаптар көптеген шағын B2B компаниялар үшін елеулі қаржылық әрі әкімшілік жүктеме болуы мүмкін.
B2C секторына жаңа мүмкіндік
Сарапшы салықтық өзгерістерден ұтқан бір санат барын атап өтті. Олхалықпен тікелей жұмыс істейтін шағын бизнес, яғни B2C секторы.
Бұл бағытта бірқатар маңызды жеңілдіктер енгізілді:
- жеңілдетілген декларация режимін қолдану үшін табыс лимиті жарты жылда 94,5 млн теңгеден жылына 2,5 млрд теңгеге дейін артты;
- ҚҚС бойынша шекті талап алынып тасталды;
- қызметкерлер санына қойылатын лимит жойылды.
Салық мөлшерлемесі 3%-дан 4%-ға көтерілгенімен, мәслихаттарға оны төмендету құқығы берілді. Қазірдің өзінде көптеген өңірде ставка 2%-ға дейін азайтылған, ал Алматы мен Астанада - 3% деңгейінде бекітілген.
Бұл санатқа:
- үй жанындағы дүкендер,
- сұлулық салондары,
- оқу орталықтары,
- қоғамдық тамақтану орындары,
- техникалық қызмет көрсету станциялары (ТЖО)
- және басқа да көптеген шағын бизнес түрлері кіреді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін де жеңілдік бар
Сонымен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін де қолайлы жағдай жасалған. Олар тек әлеуметтік төлемдерді төлейді және салықтық есептілік тапсырудан босатылған.
2026 жылғы салық реформасы бизнес үшін «іріктеу кезеңіне» айналуы мүмкін. Ірі компаниялар бейімделсе, B2B бағытындағы шағын бизнеске қайта құрылымдануға тура келеді. Ал халыққа қызмет көрсететін шағын кәсіп пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа жүйе, керісінше, өсім мен кеңеюге жол ашып отыр.
