110 млн теңгеге сан соқтырған: Алматыда 78 адамды алдаған қаржы пирамидасы әшкереленді

Қаракөз Амантай 13 сәу. 2026 09:32

Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі департаменті "Boxy Wealth" қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу мәліметінше, күдікті бір жыл бойы Алматы аумағында аталған жобаның құрылымдық бөлімшесін басқарған.

Белгілі болғандай, жоба "www.boxywealth.com" интернет-ресурсы мен мессенджерлер арқылы жұмыс істеген. Атап айтқанда, "Күнделікті табыс" атты чатта алдымен халық тұтынатын тауарлар туралы ақпарат жарияланып, кейін азаматтар инвестициялық платформаға тартылған.

Жобаға қатысу үшін пайдаланушыларға түрлі инвестициялық пакеттердің бірін сатып алып, күн сайын жарнамалық материалдарды қарау ұсынылған. Есесіне ұйымдастырушылар тәулігіне 5–10 пайызға дейін табыс түсетінін уәде еткен.

Бұдан бөлек, жаңа қатысушыларды тартқандарға бонус төленетін арнайы рефералдық жүйе де іске қосылған.

Тергеу барысында салымшылардан түскен қаражат жеке тұлғалардың банк шоттары арқылы қабылданып, кейін P2P операциялары арқылы криптовалютаға аударылғаны анықталды.

Агенттік мәліметінше, салымшылардың сеніміне кіру мақсатында компания ресми тіркеліп, кеңсе ашылған, жарнамалық жұмыстар жүргізіліп, жалған табыс көрсеткіштері ұсынылған.

Нәтижесінде қаржы пирамидасына 78 адам 110 миллион теңгеден астам қаражат салған.

Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оның Алматы қаласындағы жер учаскесіне тыйым салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

ҚМА азаматтарды инвестициялық жобаларға ақша салмас бұрын олардың заңдылығын мұқият тексеруге шақырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove