Астанадағы өрттен үш бала қаза тапты: қылмыстық іс қозғалды

Көркем Алдабергенова 13 сәу. 2026 09:19

Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде түнде болған өрт салдарынан балалардың қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралары кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті құқықтық баға берілмек.

Оқиға орнында полиция қызметкерлері аумақты қоршауға алып, арнайы техниканың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін тұрғын үй кешенінің ауласын тұрақта тұрған көліктерден босатқан.

Кейін полиция департаменті оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен қызметкерлердің бейнетіркегіштерінен алынған жазбаны жариялады. Кадрларда олардың бірден тұрғындарды эвакуациялауға кіріскені көрінеді.

Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті түнгі өртке қатысты қосымша мәлімет берді. Құтқарушылардың айтуынша, тұрғын үй кешенінің ауласына кіреберіс темір қақпамен жабық болған, ал аула көліктермен толып тұрған.

Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Түкүшевтің айтуынша, өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде пәтер толық аумағы бойынша ашық жалынға оранған. Пәтер есігі жабық болғандықтан, құтқарушылар оны арнайы құралдардың көмегімен ашуға мәжбүр болған.

Оның сөзінше, өрт дабылы мен хабарлау жүйесі іске қосылып, лифтілер бірінші қабатқа түскен. Сонымен қатар, аулаға кіреберіс темір қақпамен жабық болып, аула автокөліктермен толып тұрғанына қарамастан, өрттің көрші пәтерлерге таралуына жол берілмеген.

Еске салайық, 12 сәуірге қараған түні Астанадағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шыққан. Оқиға орнында үш баланың денесі табылды. Өрт сөндірушілер бір әйелді құтқарып, оны күйік жарақаттарымен ауруханаға жеткізді. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы шамамен 40 тұрғын ғимараттан өз бетінше шыққан.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove