Қазақстанда 2026 жылғы бірінші тоқсанда қылмыс деңгейі 9 пайызға азайған

Сағыныш Сардарова 13 сәу. 2026 11:33

Ішкі істер министрлігінде өткен кеңейтілген алқа отырысында 2026 жылғы бірінші тоқсандағы жедел қызмет қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл кезеңде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қылмыс деңгейі 9%-ға немесе 2150-ге азайған.

"Қылмыстың төмендеуі барлық негізгі санат бойынша байқалады. Бұрын сотты болғандар, кәмелетке толмағандар, мас күйдегілер жасайтын, қоғамдық орындарда және тұрмыста жасалатын құқықбұзушылықтар саны төмендеген. Сонымен қатар, барлық санаттағы қылмыстардың ашылу деңгейі артты", - деді ІІМ өкілдері.

Интернет алаяқтық деректері де азайған. Аккаунттарды бұзу, криптовалюталар, онлайн қарыздар және жалған интернет ресурстарға байланысты алаяқтықтар саны қысқарған. 3,6 миллионнан аса әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілген, бұл олардың ауыр қылмыстарға ұласуының алдын алуға мүмкіндік берген.

"Таза Қазақстан" қағидаты аясында 722 мыңнан аса құқықбұзушылық анықталып, 3 мыңнан аса заңсыз қоқыс орны жойылған.

Жол қауіпсіздігі саласында 3 миллионнан аса жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі тоқтатылып, бұл жол-көлік оқиғаларында қаза тапқандар мен жарақат алғандардың санын азайтуға ықпал еткен.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов барлық мемлекеттік орган мен қоғамды тартып, жүйелі профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, барлық бағыт бойынша жасанды интеллект элементтерін енгізу, цифрлық құралдарды одан әрі дамыту қажет екені атап өтілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove