Қазақстан Қытайда ірі технологиялық компаниялардың бірі ByteDance-пен келіссөз жүргізген. Бұл туралы Қазақтелеком төрағасы Бағдат Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, кездесуде әлемдік цифрлық инфрақұрылымның қалай құрылып жатқаны талқыланған. Мусин қазіргі кезеңде басты басымдық жылдамдық, тұрақтылық және сервистің пайдаланушыға барынша жақын болуы екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол бұл келіссөздердің тек пікір алмасумен шектелмегенін жеткізді.
«Біз үшін пікір алмасу ғана емес, осындай ірі компаниялардың өз шешімдерін қалай ауқымдайтынын және миллиондаған қолданушы деңгейінде трафикті қалай басқаратынын түсіну маңызды болды», - деді ол.
Мусиннің сөзінше, кездесу барысында жасанды интеллект құралдары, бұлтты технологиялар және инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп дамыту мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл бағытта дата-орталықтар, мұнаралық инфрақұрылым секілді жобалар да сөз болған.
Сонымен қатар, тараптар нақты мәселелерге де тоқталған.
«Соның бірі - біздің автономды жүйеміз үшін жергілікті CDN сегментін құру туралы келісім. Бұл сервистің сапасына тікелей әсер ететін шешім: кідірісті азайтады, жүктелу жылдамдығын арттырады және платформаның тұрақты жұмысын күшейтеді», - деді Қазақтелеком басшысы.
Оның айтуынша, мұндай шешім трафиктің едәуір бөлігін ел ішінде ұстап, жүктемені тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
