Шымкентте заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды

Қаракөз Амантай 13 сәу. 2026 09:54

Шымкентте заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырды деген күдікпен қылмыстық іс аясында ондаған тінту жүргізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жедел іс-шаралар барысында ел аумағына шетел азаматтарын заңсыз кіргізіп, оларды заңсыз жолмен заңдастырумен айналысқан тұрақты қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылған.

Тергеу дерегіне сәйкес, күдіктілер ақшалай сыйақы үшін шетелдіктердің Қазақстанға келуін ұйымдастырып, олардың ел аумағында заңсыз жүруіне жағдай жасаған.

Арнайы операция кезінде 28 тінту шарасы жүргізіліп, нәтижесінде ондаған шетелдік паспорт, кеңсе техникасы, байланыс құралдары, түрлі бланкілер мен жалған еңбек келісімшарттары тәркіленген.

Сонымен қатар ірі көлемдегі ақша қаражаты мен тіркеуде жоқ қару да алынған.

Ведомство мәліметінше, қылмыстық топтың ұйымдастырушысы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал аталған заңсыз арнаға қатысы бар 13 адам полиция бөлімшесіне жеткізілген.

Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің заңсыз көші-қонды ұйымдастыру бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove