“Сұңқар” зымыран тасығышының сынақ ұшырылымы тағы да кейінге шегерілді

Қаракөз Амантай 13 сәу. 2026 11:00

Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылуы тиіс "Сұңқар" ("Союз-5") зымыран тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымы тағы да кейінге шегерілді. Қазір зымыранды 13–16 сәуір аралығында ұшыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мамандардың айтуынша, ұшыру мерзімінің шегерілуіне старт алаңы мен зымыран жүйелеріне жүргізіліп жатқан қосымша техникалық тексерістер себеп болған.

Барлық сынақ толық аяқталып, анықталған ақаулар мен ескертулер жойылғаннан кейін ғана Мемлекеттік комиссия нақты ұшыру күнін бекітеді.

Қазір зымыранның ұшырылым алдындағы дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. 31 наурыз күні "Союз-5" жүктің макетімен бірге №42 монтаждау-сынақ кешенінен шығарылып, №45 алаңдағы ұшыру қондырғысына тік күйде орнатылған. Бұл – дайындық жұмыстарының соңғы кезеңі басталғанын білдіреді.

Айта кетейік, аталған жоба Қазақстан мен Ресей бірлесіп жүзеге асырып жатқан "Бәйтерек" бағдарламасы аясында қолға алынған. Бағдарлама 2004 жылы басталып, 2005 жылы ресми түрде іске қосылған. Жобаның негізгі мақсаты – Байқоңырда "Союз-5" зымырандарына арналған заманауи ұшыру кешенін салу.

Дегенмен жоба бірнеше рет кейінге шегерілді. Алғашында зымыранды 2023 жылы ұшыру көзделсе, кейін мерзім 2025 жылға, одан соң 2026 жылдың басына ауыстырылған.

Жауапты министрліктің мәліметінше, жобаның жалпы құны 90,8 млрд теңгені құрайды. Оның 81,3 млрд теңгесі қазірдің өзінде игерілген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove