Бүгін ұлттық валюта - теңгеміздің туған күні

Кәмшат Тілеухан 15 қар. 2024 11:05 190

Теңгеміз дүниеге келгелі, онда сегіз тұлғаның бейнесі бейнеленіпті. Ал тәуелсіздік ала салысымен, жарық көрген 1,3,5,10,20,50,100,200,500 теңгеліктердің бүгіндері бағасы қымбат әрі коллекционерлер тарапынан жоғары сұранысқа ие екен, деп хабарлайды Dalanews.kz.

1993 жылғы 15 қарашада Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілді. Ал, 1997 жылдан бері Мемлекет басшысының Жарлығымен 15 қараша – төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні ретінде аталып өтеді. 

Еліміз тәуелсіздік алған тұста, сол кездегі Үкімет басшысы Сергей Терещенконың басшылығымен арнайы комиссия құрылды. Оған қаржы саласының атасы саналатын, сол кездегі премьер-министрдің бірінші орынбасары  Дәулет Сембаев, қаржы министрі Еркешбай Дербісов, экономика министрі Бейсенбай Ізтілеуов, Ұлттық банк төрағасы Ғалым Байназаров, Парламент Мәжілісінің қаржы комитетінің сол кездегі төрағасы Сауық Тәкежанов сынды азаматтар енді. Теңге дизайнына Меңдібай Алин,  Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов сынды суретшілер тер төкті.

Жалпы, төл теңгемізді дайындау жұмыстары 1992 жылы қолға алынып, сол жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. 1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі "Харрисон және ұлдары" фабрикасында басылды. Теңгені елге тасымалдау үшін төрт ИЛ-76 ұшағы Тұманды Альбион еліне 18 рет қатынады. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген еді.

Төл валютамыз пайда болғалы онда сегіз тұлғаның суреті бейнеленген екен. Атап айтқанда, 1 теңгеде (1993), 200 теңгеде (1994), 500 теңгеде, 1000 теңгеде (2000), 5000 теңгеде (1998), 10 000 теңгеде (2003) - Әбу Насыр әл-Фараби, 3 теңгелікте - Сүйінбай, 5 теңгелікте - Құрманғазы, 10 теңгелікте - Шоқан, 20 теңгелікте - Абай, 50 теңгелікте - Әбілқайыр хан, 100 теңгелікте - Абылай хан, 10000 және 20000 теңгеде – Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы 10 мың теңгелік 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып шығарылған. Мерейтойлық 10 мың теңгелік банкнотаға Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті басылды. Ол 100 мың данамен шықты. 2021 жылдың 1 желтоқсанында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай шектеулі тиражбен Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген 20 мың теңгелік қағаз ақша айналымға енді. 2022 жылы қазанда Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті купюрадан алынып тасталды.

Қазіргі таңда тарих қойнауына еніп үлгерген, тәуелсіздік бастауындағы ақшалар коллекционерлер үшін таптырмас дүние. Көкшетаулық коллекционер Виталии Шамаев, мәселен Шоқан Уәлиханов бейнеленген АА сериялы банкноты өте сирек кездесетінін айтады.

"Құны сапасына қарай белгіленеді. Мұқият қарау керек, купюра қолданыста болған, кей жерлері аздап жыртылған, майысқан болса, оны 5-10 мың теңгеге сатып алып болуға болады. Ал, егер жағдайы жақсы, банктен күні кеше шыққандай жып-жылтыр болса, бағасы бірнеше есеге жоғарылайды", - дейді ол.

Dalanews.kz редакциясы өз кезегінде қаржыгерлер қауымын кәсіби мерекесімен, жалпы ел халқын төл ақшасы - ұлттық валюта күнімен құттықтайды. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар