«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 23 желтоқсанда ел аумағының басым бөлігінде ауа райы қолайсыз болады. Бірқатар өңірлерде тұман түсіп, көктайғақ және бұрқасын күтіледі, ал кей аймақтарда жел күшейеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жетісу облысының шығысындағы таулы аудандарда тұман мен көктайғақ болжанып отыр. Алакөл көлдері ауданында солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с-ке жетіп, кей уақытта 23–28 м/с-ке дейін күшеюі мүмкін.
Түркістан облысының оңтүстігі мен батысында, сондай-ақ таулы аудандарда тұман күтіледі. Шымкент пен Түркістан қалаларында да кей уақыттарда тұман болады.
Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарында тұман мен көктайғақ болжануда. Ақтау, Қызылорда және Тараз қалаларында жолдарда көктайғақ болуы мүмкін.
Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстарында қар жауады. Кей өңірлерде желдің екпіні 20–25 м/с-ке дейін күшейеді. Көкшетау, Қостанай, Петропавл және Орал қалаларында да қолайсыз ауа райы күтіледі.
Атырау және Ақтөбе облыстарында түнгі және таңғы уақытта тұман мен көктайғақ болады. Ал Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жаяу бұрқасын мен тұман күтіледі.
Алматы облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында, сондай-ақ Алматы және Қонаев қалаларында кей уақытта тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болуы ықтимал. Астанада да жолдарда көктайғақ күтіледі, жел екпіні 15–20 м/с-ке дейін жетеді.
