Астанада Си Цзиньпиннің мемлекеттік басқару туралы кітабының бесінші томының таныстырылымы өтті

Астанада Си Цзиньпиннің мемлекеттік басқару туралы кітабының бесінші томының таныстырылымы өтті
Dala News

Астанада Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесі Баспасөз кеңсесі, Қытай халықаралық баспа тобы және Қытайдың Қазақстандағы елшілігі бірлесіп, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Мемлекеттік басқару туралы» кітабының бесінші томының қазақ оқырмандарына арналған таныстырылымын өткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, дипломаттар, сарапшылар қауымдастығы, ғылым және мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Таныстырылым барысында ұйымдастырушылар бесінші томға Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің 2022 жылдың мамырынан 2024 жылдың желтоқсанына дейінгі кезеңде жазылған 91 маңызды еңбегі енгізілгенін атап өтті. Онда Қытайды жаңғыртудың жаңа кезеңдегі теориясы мен тәжірибесі, сондай-ақ адамзаттың ортақ тағдыры қауымдастығын қалыптастыру жөніндегі көзқарастары жүйеленген.

Баяндамашы Қазақстан мен Қытайдың тарихи байланысына тоқталып, екі елдің бүгінде модернизация жолындағы сенімді серіктеске айналғанын айтты.

«Қытай мен Қазақстанды ортақ таулар мен өзендер байланыстырады. Екі ел ежелден тату көрші әрі сенімді дос. Бүгінде Қытай мен Қазақстан даму мен жаңғырудың маңызды кезеңінде тұр және модернизация жолындағы серіктес елдер болып саналады», - деді ол.

Сонымен қатар Қытайдың мемлекеттік басқару тәжірибесінде халықтың әл-ауқатын арттыру басты қағида екені ерекше атап өтілді.

«Қытай модернизациясының басты ерекшелігі халықтың тұрмысын жақсартуға басымдық беруінде. Даму халық үшін және халықтың қатысуымен жүзеге асырылады. Оның нәтижесін де халық көруі тиіс. “Халық бәрінен биік” қағидасы Қытай модернизациясының өзегіне айналды», - деп мәлімдеді баяндамашы.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Айтылғандай, Қазақстан бастама жүзеге асырылып жатқан ең белсенді мемлекеттердің біріне айналды.

«Жуырда аяқталған Астанадағы жеңіл рельсті көлік жобасы Қытай мен Қазақстанның “Бір белдеу, бір жол” аясындағы ынтымақтастығының маңызды нәтижесі ғана емес, қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартатын әрі өңір экономикасының дамуына серпін беретін жоба болды», - деді спикер.

Баяндамашы алдағы уақытта екі елдің жасанды интеллект, цифрлық экономика және ақылды қалалар бағытындағы серіктестігі күшейетінін жеткізді.

Экологиялық ынтымақтастық мәселесіне де тоқталған ол Қазақстанда Қытайдың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жаңартылатын энергия көздері жобаларын мысалға келтірді.

«Қазақстанда Түркістан облысындағы 300 мегаваттық күн электр станциясы мен Қарағанды облысындағы 500 мегаваттық жел электр станциясы сияқты ірі жобалар іске қосылды. Қазақстан қалаларының көшелерінде қытайлық электр көліктері де көбейіп келеді. Бұл біздің жасыл даму саласындағы ынтымақтастығымыздың нақты нәтижесі», - деді ол.

Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстардың да қарқынды дамып келе жатқаны айтылды. Спикер Бейжің мен Астанадағы мәдени орталықтардың, Конфуций институттарының және «Лу Бань шеберханаларының» екі халық арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға үлес қосып отырғанын атап өтті.

Іс-шара соңында бесінші томның жарық көруі Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік басқару тәжірибесімен алмасуды тереңдетуге, мәдени байланыстарды нығайтуға және екі ел достығының жаңа кезеңіне жол ашатыны айтылды.