АҚШ 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін Ирактағы әскери күштерін толық шығарады. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ирак премьер-министрі Әли әз-Зейдидің Ақ үйдегі кездесуінен кейін мәлім болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
AP News мәліметінше, Дональд Трамптың айтуынша, америкалық әскери күштер енді Иракта қажет емес. Кейін АҚШ Қорғаныс министрлігі әскерді шығару 2024 жылы Вашингтон мен Бағдад арасында жасалған келісім аясында жүзеге асырылатынын нақтылады.
Келісім халықаралық коалицияның «Ислам мемлекеті» (ИМ, көптеген елде террористік ұйым ретінде танылып, қызметіне тыйым салынған) ұйымына қарсы миссиясын аяқтауды көздейді.
Америкалық әскери күштер кеткеннен кейін елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті АҚШ-тың қолдауымен дайындықтан өткен Ирактың қауіпсіздік күштеріне жүктеледі.
АҚШ әскері Иракта 2003 жылдан бері орналасқан. Сол жылы Вашингтон Саддам Хусейн режиміне қарсы әскери операция бастаған еді. Әскери науқанның ең қызған шағында, 2007 жылы, Ирактағы америкалық әскер саны 170 мыңнан асқан.
Кейін әскери контингент біртіндеп қысқартылды. Алайда 2014 жылы «Ислам мемлекеті» ұйымына қарсы күрес жүргізу үшін америкалық әскери қызметшілердің бір бөлігі қайтадан Иракқа жіберілді.
2021 жылға қарай экстремистік ұйым негізгі бақылауындағы аумақтарынан айырылып, Ирактағы АҚШ әскери контингентінің саны шамамен 2 500 адамға дейін азайды.
Қазіргі уақытта Иракта негізінен әскери кеңесшілер мен шағын әскери бөлім ғана қалып отыр. Олар да қыркүйек айының соңына дейін елден толық шығарылуы жоспарланып отыр.