Қазақстан жасанды интеллектті дамыту үшін Дүниежүзілік банктен 75 млн доллар қарыз алуды жоспарлап отыр

Қазақстан жасанды интеллектті дамыту үшін Дүниежүзілік банктен 75 млн доллар қарыз алуды жоспарлап отыр
ашық дереккөз

Қазақстан жасанды интеллект, стартаптар және индустрия 4.0 технологияларын дамытуға арналған жобаны іске асыру үшін Дүниежүзілік банктен 75 млн долларға дейін қарыз алу мүмкіндігін талқылап жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жоба қазір келіссөз кезеңінде. Оны мақұлдау туралы шешім қыркүйектің басында қабылданады деп жоспарланған.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі әзірлеген жобаның жалпы құны 149 млн доллар деп бағаланған. Оның 75 млн долларына дейінгі бөлігі қарыз ретінде берілуі мүмкін.

Жоба аясында 30 млн долларды ғылыми зерттеулерге, мамандардың біліктілігін арттыруға және инновациялық экожүйені дамытуға бағыттау көзделген. Сондай-ақ, жасанды интеллект орталығын, бұлтты платформаларды, робототехника зертханаларын құру, арнайы білім беру бағдарламаларын іске қосу және білікті мамандарды тарту жоспарланған.

Бұдан бөлек, 39,85 млн долларды стартаптарды қолдауға жұмсау жоспарланып отыр. Қаржыландыру идеяны қалыптастырудан бастап бастапқы инвестиция, акселерация, халықаралық нарыққа шығу кезеңдерін қамтиды. Сондай-ақ, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, индустрия 4.0 және жасыл технологиялар саласына жеке инвестиция тарту үшін венчурлік қор құру көзделген.

Ал 5,2 млн доллар жобаны басқаруға, мониторинг жүргізуге және бағалауға бөлінеді. Бұл қаражат ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз етуге, инновациялық экожүйеге талдау жасауға және стартаптарды қолдау саласында үздік тәжірибелерді енгізуге бағытталады.

Қазір бастама келіссөз кезеңінде. Жоба мақұлданса, оны 2027 жылы іске қосу, 2031 жылдың соңында толық аяқтау жоспарланып отыр.