Атырау облысында жеке балабақшаға қарапайым күріштің бір келісін 21 мың теңгеден жеткізген кәсіпкер анықталды. Бұл туралы облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, кәсіпкер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өніміне 3500 пайыздан астам сауда үстемесін қосқан. Ал заң бойынша мұндай тауарларға қойылатын ең жоғары сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс.
Заң бұзушылық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына жүргізілген цифрлық мониторинг кезінде белгілі болған.
Жалпы, өңірде рұқсат етілген мөлшерден артық сауда үстемесін қосқан оннан астам ірі жеткізуші анықталған. Алайда балабақшаға күріштің бір келісін 21 мың теңгеден сатқан кәсіпкердің әрекеті ең өрескел жағдай ретінде бағаланып отыр.
Атырау облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Бекболат Анесовтың айтуынша, бұл мәселе облыс әкімдігі жанындағы арнайы комиссияның қарауына шығарылған.
Қазір кәсіпкерге қатысты заң аясында тиісті қатаң шаралар қабылдау мәселесі қарастырылып жатыр.