Бұғалтыр жұмысы бақыланбағасын мектепте жемқорлық ұшығып тұр – Ахметжан Аятжанұлы

Dalanews.kz 01 ақп. 2024 14:31 12296


Белгілі педагог Ахметжан Аятжанұлы өзінің желідегі парақшасында мектептегі жемқорлыққа қатысты ой-пікірін жазды. Білікті маман бүгінде мектеп директорлары есепшінің жұмысын бақылай алмайтындықтан бухгалтерлер жемқорлыққа батып жатқанын жазды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.


– Бұрын жемқор шенеунік дегенді жиі айтушы едік. Қазір жемқор бухгалтер, жемқор директор дегенді көп айтатын болдық...


Негізі жемқорлық тұтас жүйеде, тұтас қоғамда ауыр деңгейде. Ал соңғы жылдарда ашылып жатқан орта білім саласындағы жемқорлық тек бүгін болған жемқорлық емес.


Бұрын мектептер ауданға қарайтын, бар қаржыны бөлетін де, бюджетін реттейтін де аудан еді. Ол кезде көп жемқорлық фактісін аудан өзі реттеп, жабатындықтан білінбей қалатын.


Қазір мектеп тіке облысқа қарайды, не жесе де көрініп қалады. Не жесе де ашылып қалады. Бұл – өте дұрыс үрдіс.



Енді мәселеге кішкене тереңдесек, Жетісу, Жамбыл, Қызылорда облыстарындағы мектептерде былықтар бірінің соңынан бірі ашылып, кінәлі тек бухгалтер болып жатыр. Мектептегі жемқорлық фактілерінде кінәлілер шынымен тек бухгалтер ме?!



Жоқ!


Оған жол беріп отырғандар да, ақшаны бөлісіп отырғандар да жазасыз қалмауы керек!


Бұл әңгімені бәрі айтып жатыр ғой, жемқорлық туралы бәрі жазып жатыр. Дұрыс, ашыла түсу керек. Жемқорлықсыз, әділетті қоғам болмай, ілгері баспаймыз.


Ал мен осы мектептердегі жемқорлықтың себебіне үңіліп көрейін.


Біріншіден, директорлар экономикалық, қаржылық жағынан, есепшілер жұмысынан, IT тұрғысынан сауатсыз.


Бухгалтерлер қолданатын бағдарламалардан да, тіпті кадр жалақысын есептеуді де білмейді.


Сондықтан өзінің қол қоятын электронды цифрлы қол таңбасын (ЭЦҚ) бухгалтерге береді де, оларға «сеніп» отыра береді. Ал басшысы сауатсыз бухгалтер өз білгенін істейді.


Екіншіден, қазіргі жүйеде мектепке сауатты директор тарту мүмкін емес. Себебі, жауапкершілік өте ауыр, таңның атысы, кештің батысы бүкіл баланың тағдырынан бастап, бүкіл мектептің күл-қоқысына дейін жауап береді.


Ал жалақысы өзінің қол астындағы мұғалімнен екі есе төмен. Сауатты кадрлар мұғалім болып тыныш жүруді жөн көреді. Әкімшілікке аттап баспайды.


Сонымен директор орынбасары, директор болатындар мәнсапқұмарлықпен барады немесе мұғалім болудан қашып барады. Әйтпесе, жанып тұрған, бәрінен хабары бар білімді мұғалім жауапкершілігі 5 есе ауыр, жалақысы аз жұмысқа жоламайды.


Қазір мектепте директор болып жүрген жандарды екі топқа бөлемін. Бірі – ұзақ уақыт басшылық қызметте жұмыс істеп үйреніп қалғандар, екіншілері – қандай да бір мақсатпен директор болғандар.



Олардың ішінде мақсаты ақша болғандар да, мәнсап болғандары да бар. Оның екеуі де шамасы келсе жейді немесе бухгалтеріне жегізеді.



Дәл осы жерде жүйені реттемей бұл жемқорлықты тізгіндеу мүмкін емес.


Үшіншіден, директордың міндетін атқарушы тағдыры. Қазір елімізде 500-ден астам мектепте директор жоқ, міндетін атқарушылар отыр.


Олар – уақытша амалсыз отырған адамдар. Шамасы жетсе, экономикалық мәселеге бас қатырғысы келмейді. Сондықтан да бухгалтерге жеуге жеңіл.


Төртіншіден, өңірлерде бухгалтерге де, мектеп директорына да жоғарыдан мемлекеттік тапсырыс міндеттелетін компаниялар бар.


Олар жоғарының тапсырмасымен сондай «мықты» компаниялармен жұмыс жасауға міндетті болады. Ол компаниялар біреулерге «шәпкісін» беріп отырады. Бұл жемқорлық тіптен ауыр.


Бесіншіден, жалпы директор – бұрынғы мұғалім, бұрынғы директор орынбасары. Ол қаржы, экономика, ақша есептеуге мүлде жоқ адамдар. Ал бухгалтер кәсіби маман... Осыдан да біраз нәрсенің беті ашылады.


2018 жылы Өмір Шыныбекұлы "Мектептегі жан басына қаржыландыру біраз директордың тағдырын ойран етеді, оларды ақшаны дұрыс жаратуға үйрету керек" деп еді... Сол айтқаны келіп жатыр...


Шыны керек, бүгінгі директорға (мектеп басшысына) қойылатын талап өте жоғары.


Бірінші, оқушымен жұмыс.


Екінші, ұжыммен жұмыс


Үшінші, ата-анамен жұмыс


Төртінші, жоғары органдармен жұмыс


Бесінші, қаржымен жұмыс


Алтыншы, шаруашылық жұмыс, –деп кете беретін ауыр жұмыстар бар. Оның ішіндегі ең қиыны – адаммен жұмыс. Мысалы, бүгінгі бір күніңді бір ғана адам быт-шытын ете салады. Бір ғана адам бір күндік жүйкеңді құрта салады. Дәл осындай кезде директор болу – отқа өз еркіңмен түсуге пара-пар!


Меніңше, мәселені басқаша реттеу керек!



Бір өңірлерде мектепке жұмысқа тұру 2,5 миллион теңге екен, оны антикор да, әкімдік те, елдің бәрі де біледі...



Бірақ бәрі білмегендей... Неге?


Осыдан-ақ бәрі түсінікті...


Мектеп жемқорлықтан құтылмайынша мемлекет жемқорлықтан құтылмайды.


Немесе керісінше, мемлекет жемқорлықтан құтылмайынша мектеп жемқорлықтан құтылмайды...


Бұл бағытта айтатын дүние көөп, әттең! Бірақ бізді кім тыңдайды...


 



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар