Бруклин көпіріне Қазақстан туын іліп, өзенге секірген ер адам туралы тың мәліметтер шықты

Бруклин көпіріне Қазақстан туын іліп, өзенге секірген ер адам туралы тың мәліметтер шықты
видео кадры

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Бруклин көпіріне Қазақстанның мемлекеттік туын іліп, кейін өзенге секірген ер адамға қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. New York Post басылымының жазуынша, ол 44 жастағы Ғалымжан Абайлдаев болып шыққан, деп хабарлайды dalanews.kz.

Басылымның мәліметінше, ер адамның көршісі бұл әрекет алдын ала жоспарланғанын айтқан. Оның сөзінше, Абайлдаев өзенге секіруді туған күніне арнайы жоспарлаған. Көршісінің айтуынша, ер адам Қазақстан билігін жиі сынаған және Бруклин көпіріне Қазақстан туын ілуі оның саяси көзқарасымен байланысты болуы мүмкін.

Оқиғадан кейін құтқарушылар ер адамды судан шығарып, ауруханаға жеткізген. Дәрігерлердің мәліметінше, оның жағдайы тұрақты. Нью-Йорк полициясы оған заңсыз кіру, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіру, қоғамдық тәртіпті бұзу және граффити салу баптары бойынша бірнеше айып таққан.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғадан хабардар екенін мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулдығы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Еске салайық, 44 жастағы ер адам көпір мұнараларының біріне көтеріліп, бірнеше мемлекеттің туын іліп қойғанын хабарлаған едік. Сол тулардың арасында Қазақстанның мемлекеттік туы да болған.