"Біз тонаушы болып шыға келдік?!". Айнұр Тұрсынбаева өз бизнесін сынағандарға жауап берді

Dalanews 07 ақп. 2025 14:04 2180

Айтыскер ақын, психолог Айнұр Тұрсынбаева жаңадан команда жинап, жаңа бір іске жең түре кірісіп жатыр. "Мықты тауар айналым жасағандарға бонусқа баспана берілетіндей жүйе құрдық" деп те сүйіншілеп үлгергені сол еді, оны жақтырмаушылар бұл жолы да табыла кетті. Өз кезегінде өзін сынағандарды бизнес "вумен" елеусіз қалдырмауды жөн көріпті, деп жазады Dalanews.kz.

Ол бизнес көзінің бірі - сұңғыла өсімдігінің шетелге сатылып жатқанына алаңдайтынын жеткізді. 

"...Кішкентай кезімнен сұңғыланың тамырын қытайлар тонналап әкетіп жатқанын көзімізбен көрдік. Бірақ "Қытайлар бізді тонап жатыр" деп бір адам айтты ма?! Жоқ! Сол тамырдың қызығын өзіміз көрейік деп зауыт соқтық, бірақ біз тонаушы болып шыға келдік. Логика қайда?" – деп жазды Айнұр Тұрсынбаева Instagram-дағы парақшасында. 

Айтыскер ақын өзге елдердің де "сетевойларын" мысалға келтірді.

"8 жыл Ресей компаниясында жұмыс істедік. Командада 100 мыңға жуық адам болды. Табыстың басым бөлігі Ресейге кетіп жатты. Бірақ бірде-бір сайт "Орыстар бізді тонап жатыр" деп жазды ма?! Жоқ! Гербалайф Қазақстанда 30 жыл үздіксіз жұмыс істеді. "Бізді Америка тонап жатыр" деген бір қазақ болды ма?! Жоқ! Біз заңды түрде тіркеліп, барлық өнімімізді сертификаттап, стандартқа сай жұмыс істесек те, бірден сынға іліктік. Түркиядан, Қытайдан, Кореядан серіктестеріміз келіп, біздің жұмысымызға жоғары баға берді. Бірақ қазақтың жауы – қазақ! Аяқтан шалып, құлатуды білеміз! Сөзбен сындырып, жылатуды білеміз!" – деп ашуланады ол. 

Бұған дейін сайтымызда "Сен үшін дұға етеміз...Айнұр Тұрсынбаеваның күйіеуі "Дикий Арманға" қолдау білдірді" деген материал жарияланған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар