Белгілі айтыскер Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі Нұржан Иманәлиев «Дикий Арманға» қолдау білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Бүгін Арман бауырымызға және оның жанындағы бауырларымызға қатысты қатаң үкім шықты. Бұл жүрегімізге ауыр тисе де, біз мұсылман ретінде Алла Тағаланың сынақтарына сабыр етіп, әр нәрсенің хикметін түсінуге тырысамыз. Алла Тағала жүрегімізге сабыр беріп, бұл қиыншылықты жеңуге күш-қуат нәсіп етсін!
Сабыр – мұсылманның ең әсем қасиеттерінің бірі. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның жағдайы қандай керемет! Оның әрбір ісі қайырлы, ал мұндай жағдай тек мүмінге ғана тән. Егер оған бір қуаныш келсе, шүкіршілік етеді, бұл – оның игілігіне. Ал егер оған бір сынақ келсе, сабыр етеді, бұл да – оның игілігіне» (Муслим).
Арман бауырымыз бен оның отбасысына бұл сынақ үлкен емтихан екені сөзсіз. Бірақ әрбір қиындықтың артында жеңілдік бар екенін ұмытпайық. Алла Тағала былай дейді: «Шынында, қиындықпен бірге бір жеңілдік бар. Анығында, қиындықпен бірге бір жеңілдік бар» (Инширах сүресі, 5-6-аяттар).
Бұл сәтте біз бауырларымызға тек қолдау көрсетіп қана қоймай, дұғада болуымыз керек. Алла Тағала барлығымызға сабыр мен иман берсін, бұл сынақтың ақырын жақсылыққа айналдырсын. Арман бауырымыз бен оның отбасына Алланың мейірімі жауып, жүректеріне тыныштық нәсіп еткей», - деп жазды ол.
Еске салайық, бұған дейін Дикий Арманның әйелі күйеуінің 20 жылға сотталуына қатысты ойын жазған болатын.
"Үкім осындай болатынын білдім, бірақ кеше көзім жетті. Сонда да үмітім болды. Менің де, оның да еңсесі түспегенін білсеңіздер екен деп жазып отырмын. 20 жыл деген не ол? Оның үш жылы өтіп кетті, 17 жылы қалды.
Бастапқыда онымен кездесуге рұқсат берген кезде еңсесі түсіп, өмір сүргісі келмей кеткенін байқадым. Сол кезде мен оны құшақтап, "Ал біз ше? Біздің қызымыз ше?" деп сұрадым. Ол күлімсіреп, "иә, дұрыс айтасың" деді. Әлі қызымызды ұзатуымыз керек. Осы ой оның жүрегіне жылу сыйлады. Осы оймен өмір сүрді. Қызымыздың суреттерін қарап, ол туралы әңгімелерді тыңдағанды жақсы көреді. Қызымыз әлі кішкентай әрі әзірге ештеңені түсінбейтіні қандай жақсы. Басқа айтарым жоқ", дейді Айкол.
Еске салайық, 27 қаңтарда Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобы Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру және азаматтарды ұрлап әкету бойынша айыпталып, сотталды.
Сот шешімімен Жұмагелдиев ҚР ҚК-нің бірнеше баптары бойынша кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ысқақов – 15,6 жыл, Құдайберген – 8 жыл, топ мүшелері – 10-15,5 жылға, басқа қатысушылар – 1,5-7 жылға сотталды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.