Қылмыстық топ: Дикий Арманмен қоса кім, қанша жылға сотталды

Көркем Алдабергенова 27 қаң. 2025 13:34 983

Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобы Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру және азаматтарды ұрлап әкету бойынша айыпталып, сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz

27 қаңтарда Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының басшылары мен қарулы тобының мүшелеріне, сондай-ақ ҚР ҰҚК 5-бөлімінің экс-басшысы Руслан Ысқақовқа, Алматы қаласы мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайбергенге және басқа тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сот 2016 жылы ҰҚК 5-бөлімінің басшысы болған кезінде Ысқақов ұлттық қауіпсіздік органдарының қолдауына уәде беріп, Жұмагелдиевті ынтымақтастыққа тартқанын анықтады.

ҰҚК-нің қолдауына ие болған Жұмагелдиев Қазақстан аумағында және одан тысқары жерлерде қылмыстық ықпалын кеңейту мақсатында қылмыстық ұйым құрған.

Осы мақсатта қылмыстық ұйымға басты рөлдерге бұрыннан танитын, психологиялық тұрақтылығы жоғары, қылмыстық қудалаудан қорықпайтын және физикалық дайындығы мықты адамдар тартылды.

Жұмагелдиевтің қылмыстық ұйымы мүшелері ұйымдық, функционалдық және аумақтық тұрғыда бөлінген топтарға бөлініп, тікелей оған бағынды.

Ысқақов басқарған ҰҚК бөлімшесі Жұмагелдиевтің қылмыстық тобына бәсекелес бірқатар ұйымдасқан қылмыстық топтарды жойғанымен, Жұмагелдиев тобының заңсыз әрекеттерін тоқтатуға ешқандай шара қолданбаған.

2017 жылдың желтоқсанынан бастап Жұмагелдиев қылмыстық ұйымын Түркия Республикасынан басқарып, ұйым жетекшілері мен мүшелерінің жиындарын Қазақстанда, Түркияда және БАӘ-де өткізген.

Ұйым жүйелі түрде ықпал аясын кеңейту және қаржылық пайда табу мақсатында құрбандарды іздеумен айналысты. Мысалы, 2021 жылдың маусымында ұйым мүшелері Түркістан облысының тұрғынының 25 млн теңге қарызы бар екенін біліп, оны ұрып-соғып, 23 млн теңге төлеуге мәжбүрлеген.

2022 жылдың басында Ысқақов, Жұмагелдиев және Құдайберген билікті күшпен басып алу мақсатында жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға басты рөл атқарған.

Қаңтар оқиғасы кезінде Құдайберген «Қазақстан» қонақүйінде штаб құрып, Жұмагелдиев тобын шақырып, оларды қарулы топтың әрекеттерін үйлестіруге жұмылдырған.

Сот 2022 жылдың 5 қаңтарында Жұмагелдиевтің тобы екі рет Алматы қаласының Республика алаңына жиналып, жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларды біріктіру және билікке талап қою үшін «Халық кеңесін» құруды жоспарлағанын анықтады.

Сот 2022 жылдың қаңтарында қылмыстық топ бейбіт тұрғындарды заңсыз ұстап, оларды «Қазақстан» және «The Ritz Carlton Almaty» қонақүйлерінде қамауда ұстағанын анықтады. Ұсталғандарды ұрып-соғып, мазақтап, жалған айғақ беруге мәжбүрлеген.

Сот шешімімен Жұмагелдиев ҚР ҚК-нің бірнеше баптары бойынша кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ысқақов – 15,6 жыл, Құдайберген – 8 жыл, топ мүшелері – 10-15,5 жылға, басқа қатысушылар – 1,5-7 жылға сотталды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар