Дикий Арманның әйелі күйеуінің 20 жылға сотталуына қатысты ойын жазды

Көркем Алдабергенова 28 қаң. 2025 15:39 1137

Дикий Арман - Арман Жұмагелдиевтің әйелі Айкол Аликжанова күйеуіне қатысты тағайындалған үкім туралы ойын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz

"Үкім осындай болатынын білдім, бірақ кеше көзім жетті. Сонда да үмітім болды. Менің де, оның да еңсесі түспегенін білсеңіздер екен деп жазып отырмын. 20 жыл деген не ол? Оның үш жылы өтіп кетті, 17 жылы қалды. 

Бастапқыда онымен кездесуге рұқсат берген кезде еңсесі түсіп, өмір сүргісі келмей кеткенін байқадым. Сол кезде мен оны құшақтап, "Ал біз ше? Біздің қызымыз ше?" деп сұрадым. Ол күлімсіреп, "иә, дұрыс айтасың" деді. Әлі қызымызды ұзатуымыз керек. Осы ой оның жүрегіне жылу сыйлады. Осы оймен өмір сүрді. Қызымыздың суреттерін қарап, ол туралы әңгімелерді тыңдағанды жақсы көреді. Қызымыз әлі кішкентай әрі әзірге ештеңені түсінбейтіні қандай жақсы. Басқа айтарым жоқ", дейді Айкол. 

Еске салайық, 27 қаңтарда Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобы Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру және азаматтарды ұрлап әкету бойынша айыпталып, сотталды. 

Сот шешімімен Жұмагелдиев ҚР ҚК-нің бірнеше баптары бойынша кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ысқақов – 15,6 жыл, Құдайберген – 8 жыл, топ мүшелері – 10-15,5 жылға, басқа қатысушылар – 1,5-7 жылға сотталды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар