Жаңа Конституция негізінде құрылған мемлекеттік институттардың қалай жұмыс істейтіні мен өзара іс-қимыл тетіктерін нақтылау биылғы Президент Жолдауының басты ерекшелігі болуы мүмкін. Саясаттанушы Асылбек Ізбайыровтың пікірінше, саяси жүйедегі құрылымдық өзгерістер енді нақты міндеттермен және жүйелі жұмыс жоспарымен жалғасуы тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Қазақстан тарихында жаңа кезең басталғанын бұған дейін мәлімдегенін еске салды. Қазір мемлекеттік жүйені өзгертуге бағытталған негізгі реформалар жүзеге асырылып, бір палаталы Парламент, вице-президент және Халық кеңесі секілді жаңа институттар қалыптасты.
"Енді мемлекеттік жүйені жаңа Конституцияға сәйкестендіру жұмыстары аяқталды деуге болады. Бізде бір палаталы Парламент, вице-президент және Халық кеңесі бар. Сондықтан Мемлекет басшысы жаңарған мемлекеттік жүйенің алдында тұрған нақты жоспарларды жариялауы керек деп ойлаймын", – деді Асылбек Ізбайыров.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы мемлекеттік құрылымды өзгертумен ғана шектелмей, қоғамдағы жаңа этика мен дәстүрлерді қалыптастыруға да кірісті. Саясаттанушы мұны саяси трансформациядан кейін жүзеге асырылуға тиіс ауқымды қоғамдық өзгерістің бір бөлігі деп бағалады.
"Президент қоғамға “ненің жақсы, ненің жаман” екеніне қатысты жаңа өлшемдерді ұсынып, мінез-құлық стандарттарын қалыптастыруға тырысып отыр. Бұл жерде саяси өзгерістерден кейін қоғамдық трансформация да жүруі керек", - деді ол.
Алайда сарапшы қазіргі қоғамның, әсіресе жастардың, жоғарыдан ұсынылған идеялар мен талаптарды бұрынғыдай сөзсіз қабылдай бермейтініне назар аударды. Оның пікірінше, азаматтар заң талаптарына бағынуға дайын болғанымен, жеке өмір мен мәдениетке қатысты ұстанымдардың билік тарапынан тікелей белгіленуін құптай бермейді.
"Қоғамның басым бөлігі жоғарыдан түсірілетін идеялар мен стандарттарды қабылдамайды. Адамдар заңдарға бағынуға дайын, өйткені олардың орындалуы айыппұлдармен қамтамасыз етіледі. Бірақ қазіргі жастар жоғары лауазымды тұлғалар ұсынатын жеке өмірге немесе мінез-құлық мәдениетіне қатысты идеяларды қабылдағысы келмейді", – деп түсіндірді саясаттанушы.
Осыған байланысты Асылбек Ізбайыров елдегі идеологиялық кеңістікті қалыптастыру тәсілін өзгерту қажет деп есептейді. Оның ойынша, мемлекет қоғамға дайын күн тәртібін күштеп ұсынбай, халықтың өз ортасында пайда болған пайдалы бастамалардың дамуына жағдай жасауы керек.
"Идеологиялық кеңістікті қалыптастыруда “үй салу” тұжырымдамасынан “ландшафтық дизайн” тәсіліне көшкен дұрыс. Яғни мемлекет күн тәртібін жоғарыдан таңбай, бағбан секілді төменнен өсіп шыққан идеяларды бақылап, пайдалысын қолдап, зияндысын тежеуі керек. Мемлекет басшысы мәдени-этикалық парадигмалардың бірінің авторы емес, ең тиімді нұсқаларды анықтайтын төреші позициясын ұстанса, нәтижелі болар еді", – деді сарапшы.
Саясаттанушының болжамынша, Жолдауда ақпараттық және мәдени кеңістікті қайта құру негізгі басымдықтардың біріне айналуы мүмкін. Соңғы кадрлық тағайындаулар бұл саланың қоғамдық өзгерістермен ғана емес, ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен де тығыз байланыстырылып отырғанын көрсетеді.
"Ақпараттық-мәдени кеңістікті қайта форматтау және оның қоғамдық трансформациядағы маңызын арттыру жаңа әрі негізгі басымдықтардың бірі болуы ықтимал. Бұл саланың кураторы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесіндегі шешуші тұлғалардың біріне айналғанын көріп отырмыз", – деді ол.
Сонымен қатар сарапшы әлеуметтік желілердегі ықпалды тұлғаларға қатысты мемлекеттік бақылаудың күшейгенін атап өтті.
"Әлеуметтік желілердегі инфлюенсерлерге қатысты нөлдік төзімділік саясаты енгізіле бастағанын көріп отырмыз. Мемлекет ресми бағытқа қайшы күн тәртібін таратқандарды қатаң жазалауда. Жолдауда осы салаға қатысты нақты басымдықтар айтылуы мүмкін", – деді саясаттанушы.
Асылбек Ізбайыров Құрылтай мен Парламентке қатысты негізгі нормалар Конституцияда белгіленгенін айтты. Ендігі маңызды мәселе – Құрылтай мен Үкіметтің өзара іс-қимыл тәртібін нақтылау.
"Барлығы Конституцияда жеткілікті түрде анық жазылған. Енді Құрылтайдың Үкіметпен қалай жұмыс істейтініне назар аударуымыз керек. Президент осы мәселеге қатысты нақты бағыт-бағдар беруі тиіс деп ойлаймын", – деді сарапшы.
Ол вице-президент институтының билік органдары арасындағы үйлесімді жұмысты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын да жеткізді.
"Вице-президенттің функциялары Үкімет, Парламент және Президент әкімшілігі арасындағы жұмысты үйлестіруге бағытталған. Бұл Мемлекет басшысының билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікке үлкен мән беріп отырғанын көрсетеді", – деді Асылбек Ізбайыров.
Саясаттанушының пікірінше, мемлекеттік жүйенің жұмыс тәртібі реформаланған институттарға сәйкестендірілуі қажет. Оның күрделілігі – бұл өзгерістердің ел алдында тұрған экономикалық және саяси мәселелерді шешумен қатар жүргізілуінде.
"Жүйенің жұмыс істеу ережелері жаңарған институттарға сәйкес келуі керек. Оның үстіне, бұл үдеріс күрделі экономикалық және саяси міндеттерді шешумен қатар жүреді. Мұның өзі – орасан зор міндет. Президент Жолдауда осы мәселені көтереді деп күтемін", – деді ол.
Экономикалық мәселелерге тоқталған саясаттанушы Ұлттық қор қаражатын елдің қазіргі қажеттіліктеріне кеңінен пайдалану жоспарын қолдайтынын айтты. Оның сөзінше, шетелдік инвесторлар сақтық танытып отырған жағдайда Қазақстан экономикасына дамудың жаңа әрі қуатты қозғаушы күштері қажет.
"Президент Ұлттық қор қаражатын ел экономикасының қазіргі қажеттіліктеріне пайдалану көлемін ұлғайту жоспары туралы айтқан болатын. Мен мұндай бастаманы қолдаймын. Өйткені экономикаға қуатты даму драйверлері қажет, ал шетелдік инвесторлар соңғы жылдары барынша сақ қимылдап жүр", – деді сарапшы.
Асылбек Ізбайыров қоғамның Жолдаудан күтер басты талабы – ресми есептерде көрсетілетін экономикалық өсімнің халықтың күнделікті тұрмысынан сезілуі екенін атап өтті.
"Ең алдымен, адамдар Үкімет айтып жүрген макроэкономикалық өсімді өз өмірінен сезінетіндей бағытқа шығуымыз керек. Жалпы, халыққа қай кезеңде де әділеттілік, қазіргі тұрақтылық және болашаққа деген сенім қажет. Егер осы мәселелер Жолдауда дұрыс көрініс тапса, құжат қоғам тарапынан оң қабылданады деп ойлаймын", – деп қорытындылады Асылбек Ізбайыров.