Apple компаниясы iPhone 18 смартфондарының жаңа желісін таныстырды. Dalanews.kz жаңа буындағы құрылғылардың ерекшеліктері, сатылымға шығу мерзімі мен дизайны туралы мәліметтерді ұсынады.
Apple жыл сайын жаңа смартфондарын шығарып келеді. 2026 жылдың күзінде iPhone 18 желісіндегі құрылғылар нарыққа жол тартты. Алайда бұл жолы компания барлық модельді бір мезетте таныстырған жоқ. Қазіргі уақытта белгілі ақпараттарға сүйенсек, Apple негізгі желідегі смартфондарды кезең-кезеңімен шығаруды қолға алған.
2026 жылы қандай iPhone 18 модельдері ұсынылады?
Apple биыл барлық смартфонды бір уақытта таныстыру тәжірибесінен бас тартты. Күзгі таныстырылым барысында компания тек iPhone 18 Pro, iPhone 18 Pro Max және алғашқы жиналмалы смартфоны – iPhone Duo моделін көрсетті.

Фото: Apple
Ал негізгі iPhone 18 моделі тек 2027 жылдың көктемінде таныстырылуы мүмкін. Сарапшылардың болжамынша, ол iPhone 18e нұсқасымен бірге шығуы ықтимал. Мұндай шешім арқылы Apple жоғары санаттағы құрылғыларды қарапайым модельдерден бөліп көрсетуді көздеп отыр.
Осылайша iPhone 18 желісінің негізгі құрамына мына модельдер кіреді:
- iPhone 18 – 6,3 дюймдік экраны және екі камерасы бар негізгі нұсқа;
- iPhone 18 Pro – 6,3 дюймдік экраны мен үш камерасы бар кәсіби деңгейдегі модель;
- iPhone 18 Pro Max – 6,9 дюймдік үлкен экраны және үш камерасы бар желідегі ең ірі смартфон.
iPhone 18 қашан сатылымға шығады?
Apple iPhone 18 Pro және iPhone 18 Pro Max модельдерін 2026 жылғы 9 қыркүйекте ресми түрде таныстырды. Ал негізгі iPhone 18 смартфонының таныстырылымы 2027 жылдың көктеміне жоспарланып отыр.
Әлемдік нарық
iPhone 18 Pro және iPhone 18 Pro Max модельдеріне алдын ала тапсырыс беру 12 қыркүйекте басталады. Ал iPhone 18 моделінің сатылымы 2027 жылдың көктемінде қолға алынуы мүмкін.
Дизайнында қандай өзгерістер бар?
Алдын ала мәліметтер бойынша, негізгі iPhone 18 соңғы екі буындағы смартфондардың сыртқы келбетін сақтап қалады. Компания әзірге корпустың тегіс жиектерінен және қос камералы жүйеден бас тартуды жоспарлап отырған жоқ.
Сондай-ақ iPhone 18 Pro мен iPhone 18 Pro Max модельдерінің дизайны да айтарлықтай өзгермеген. Бұған дейін таныстырылған флагмандық құрылғыларда камералар орналасқан арнайы панель смартфонның бүкіл енін қамтыған болатын. Бұл Apple үшін соңғы жылдардағы ең ірі дизайндық жаңартулардың бірі саналады және компания осы бағытты жалғастырмақ.
Бұдан бөлек, жаңа смартфондардың корпусы алюминийден жасалады. Ал бұған дейінгі үлгілерде титан қолданылған еді.
Камералары
iPhone 18 Pro жаңа 48 мегапиксельді Fusion негізгі камерасымен жабдықталған. Оның басты ерекшелігі – диафрагма көлемін өзгерту мүмкіндігі. Apple компаниясының мәліметінше, бұл – бренд тарихындағы ең жетілдірілген камералардың бірі. Сондай-ақ диафрагманы реттеу функциясы iPhone смартфондарында алғаш рет қолданылып отыр.
Жаңа жүйе лазер арқылы дәл кесілген алты қалақшадан тұрады. Олар объектив саңылауының көлемін бірқалыпты өзгертуге мүмкіндік береді. Соның арқасында камера жарық деңгейіне және қажетті анықтық тереңдігіне қарай диафрагманы автоматты түрде реттеп, сапалырақ кадрлар түсіруге көмектеседі.
Жаңартылған сенсор фотосуреттердің сапасын да айтарлықтай жақсартады. Apple мәліметінше, камера жарық аз жағдайда жақсырақ түсіреді әрі топтық суреттерде артқы жақтағы нысандардың ұсақ бөлшектерін анық көрсетеді.
Сонымен қатар пайдаланушылар «Камера» қосымшасында диафрагманың төрт түрлі режимінің бірін қолмен таңдай алады.
Кәсіби деңгейде жұмыс істейтін қолданушылар үшін Apple әзірлеушілерге арнайы API ұсынды. Оның көмегімен үшінші тарап қосымшалары арқылы да диафрагманы қолжетімді ауқымда басқаруға мүмкіндік бар.