Бірнеше өңірде қылмыстық топтар әшкере болды

Бірнеше өңірде қылмыстық топтар әшкере болды
ІІМ

Қазақстанда қылмыстық топтардың әрекетіне тосқауыл қойылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қыркүйекте Астана, Өскемен қалаларында және Алматы облысында 40 млн теңге көлемінде ақша талап етті деген күдікпен жеті адам ұсталды. Олардың үшеуі бұрын сотталған, оның ішінде адам өлтіргені үшін сотталғандар да бар. Тінту барысында күдіктілерден атыс және суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ, бірнеше қымбат көлік тәркіленді.

Құқыққа қайшы әрекеттерді анықтау және жолын кесуге бағытталған осындай іс-шаралар Астана мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ, Ақтөбе, Атырау, Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында жүргізілді.

"Осы деректер бойынша 50-ден аса адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Заңсыз айналымнан 10-нан аса атыс және травматикалық қару, оларға тиесілі оқ-дәрілер тәркіленді. Дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында жәбірленушілердің 77 млн теңгеден аса қаражатын иемденуге жол берілмеді", - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.