Тарихи жетістік: Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атанды

Тарихи жетістік: Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атанды
ҚТФ

Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина мансабында алғаш рет әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтерілді, деп хабарлайды dalanews.kz ҚТФ-ға сілтеп.

Бұл қазақстандық теннисшінің US Open-2026 турнирінің жартылай финалына шығуының арқасында мүмкін болды. WTA-ның live рейтингінде Елена Рыбакина Беларусь өкілі Арина Соболенкодан озып, жаңа көшбасшы атанды. Рейтингтің ресми жаңартылған нұсқасы дүйсенбі, яғни 14 қыркүйекте жарияланады.

Осылайша, Елена Рыбакина жеке сында әлемдік рейтингте көш бастаған Қазақстанның тұңғыш өкілі атанды. Бұған дейін еліміздің бірде-бір спортшысы әйелдер арасында да, ерлер арасында да жеке сында әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілмеген.

Мемлекет басшысы теннисші Елена Рыбакинаны әлемнің бірінші ракеткасы атағына ие болуымен құттықтады.

"Сіз айрықша талант пен тынымсыз еңбектің және өзіңізге деген нық сенімнің арқасында WTA рейтингінде көш бастап, биік шыңды бағындырдыңыз. Осынау тарихи жеңісіңіз қазақ спортының даңқын асырды. Есіміңіз әлемдік теннис жылнамасынан ойып тұрып орын алды. Сіздің жетістікке толы жолыңыз – еліміздің жас спортшылары мен дүниенің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған теннис жанкүйері үшін үлгі-өнеге. Сонымен қатар, кортта да, қоғамдық орындарда да, жұртшылықпен қарым-қатынас барысында да байқалатын жоғары мәдениетіңізді айрықша атап өткім келеді. Бұл – сөзсіз сіздің парасатыңыз бен адами қалпыңыздың айқын көрінісі", – деп жазылған құттықтауда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаның чемпиондарға тән жалынды рухтан қуат алып, жаңа белестерге батыл қадам баса беруіне тілектестік білдірді.