Астанада Qyran тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді арзанға сатамыз деп алдағандар сотталды

Астанада Qyran тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді арзанға сатамыз деп алдағандар сотталды
ҚМА

Астанада Qyran тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату кезінде жасалған алаяқтық ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сот International Invest Company IIC ЖШС-ның төрт қызметкерін кінәлі деп танып, оларды 8 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті тергеу барысында сотталғандар сатып алу-сату шарттарын жасасудың орнына мемлекеттік тіркеуге жатпайтын әрі сатып алушыларға меншік құқығын бермейтін брондау шарттарын, кепілақы туралы келісімдер мен алдын ала шарттарды рәсімдегенін анықтаған.

Сату кеңсесінде ЖШС атынан әлеуетті сатып алушыларға нысандардың макеттері, техникалық паспорттар, сенімхаттар, компанияның жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығы бар дегенді растайтындай анықтамалар көрсетілген.

Азаматтарға пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды және автотұрақ орындарын нарықтағы бағадан төмен бағаға сатып алу ұсынылған. Олар мәмілелер заңды екеніне сендірген.

Жәбірленушілер қаражатты қолма-қол да, алаяқтыққа қатысушылардың жеке шоттарына аудару арқылы да берген. Бұл операциялар International Invest Company IIC ЖШС-ның бухгалтерлік және банк құжаттарында көрсетілмеген.

Сотталғандар құрылыс салушы компанияның өз қаражатын жымқыруға бағытталған екінші алаяқтықты да іске асырған. Олар International Invest Company IIC ЖШС атынан клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығын тіркеген. Алайда сатудан түскен ақша компания кассасына түспеген.

Сот 35 жәбірленушінің жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден асатын талап арызын қанағаттандырды. Сондай-ақ, сот International Invest Company ЖШС пайдасына 3,9 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Жәбірленушілерге жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 78 жылжымайтын мүлік нысаны берілді. Тағы 73 нысан адал ниетті сатып алушыларға берілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.