Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі ұлттық құрама спортшыларының ресми спорттық киімдерінің интернетте сатылып жатқаны туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрліктің баспасөз хатшысы Балым Адамиденованың айтуынша, өткен жылы ведомство алғаш рет ұлттық құрама спортшыларын Under Armour бренді шығарған жазғы және қысқы бірыңғай спорттық киім жиынтығымен қамтамасыз еткен.
«Бұл – Қазақстан ұлттық құрамаларының мүшелеріне арналған кәсіби әрі сапалы спорттық киім. Мемлекеттік рәміздер бейнеленген әрбір жиынтық спортшыларға жеке беріледі және еркін сатылымға шығарылмайды», – деді ол.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта түрлі интернет-платформаларда ұлттық құраманың ресми спорттық киіміне ұқсас өнімдер сатылып жатыр. Алайда олардың ресми формаға ешқандай қатысы жоқ.
Министрлік өкілдері Under Armour бренді шығарған түпнұсқа спорттық киімдерді компанияның ресми дүкендерінен сатып алуға болатынын атап өтті. Дегенмен Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құрама белгілері бейнеленген өнімдер бөлшек саудада сатылмайды.
Сондай-ақ Under Armour компаниясы брендті заңсыз пайдалануға және контрафактілік өнімдерді таратуға қатысты құқықтық шаралар қабылдап жатқаны хабарланды. Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігі азаматтарды сақ болуға шақырып, ұлттық құраманың ресми спорттық киімі ретінде ұсынылатын күмәнді өнімдерді сатып алмауға кеңес берді.