Бишімбаевтың экс-жұбайы бұрынғы енесі 25 млн теңге талап етіп отырғанын айтты

Бишімбаевтың экс-жұбайы бұрынғы енесі 25 млн теңге талап етіп отырғанын айтты
ашық дереккөз

Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қаһарман бұрынғы енесі Альмира Нұрлыбекованың өзінен шамамен 25 миллион теңге өндіру туралы сотқа талап-арыз бергенін айтты. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Назым Қаһарманның айтуынша, дау 2011 жылдан бері өзі басқарған фитнес-клубқа байланысты туындаған. Оның сөзінше, сол кезде бұрынғы енесімен сенімгерлік басқару туралы келісім жасалған.

«Некеде тұрған кезде бұрынғы күйеуімнің туыстары бизнестен түскен табысқа қатысты ешқандай талап қойған жоқ. Алайда арада бірнеше жыл өткен соң бұрынғы енем бұл қаражатты сот арқылы өндіріп алуға әрекет жасап отыр. Маған шамамен 25 миллион теңге көлемінде талап-арыз түсті. Бұл – соңғы екі жыл ішінде маған қарсы берілген төртінші талап», – деді Назым Қаһарман.

Оның айтуынша, екінші баласы дүниеге келгеннен кейін корпоративтік қызметтен кетіп, бұрынғы күйеуінің анасының атына рәсімделген ғимараттағы фитнес-клубты дамытуға кіріскен. Сол кезде мұндай келісімнің кейін құқықтық салдары болуы мүмкін екенін ойламағанын жеткізді.

Қаһарман бұрынғы енесінің қаржылық талабы фитнес-клуб қызметінен түскен табысқа қатысты екенін айтты. Сонымен қатар ол бұл жағдайға байланысты өз пікірін білдіріп, жанжалдың себебі ретінде отбасылық қарым-қатынастарды атады.

Айта кетейік, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 2023 жылы жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін сот үкімімен 24 жылға бас бостандығынан айырылған.