Айжан Аймағанова прокуратурадағы қызметінен кетті. Оның есімі саяси партиялардың бірінің депутаттыққа кандидаттар тізімінен көрінді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Айжан Аймағанова әлеуметтік желілерде өзінің партия атынан Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде ұсынылғаны туралы ақпараттың кеңінен талқыланып жатқанын айтып, бұл мәселеге қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, прокуратура органдарында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, мемлекетке қызмет етуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға күш салған. Ал депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылуына байланысты прокуратурадағы қызметінен кеткенін мәлімдеді.
«Бұл – заң талаптары. Мен оны толық орындадым», – деді Аймағанова.
Сондай-ақ ол бұл шешімді саналы түрде қабылдағанын атап өтіп, өзіне қолдау білдірген және жағдайға бейжай қарамаған барша азаматқа алғыс айтты.
Айжан Аймағанова кәсіби тәжірибесі мен жинаған білімі заң шығару ісінде және халықты толғандырған өзекті мәселелерді шешуде тиімді болады деп сенетінін жеткізді. Сонымен қатар алдағы уақытта атқарылар жұмыс көп екенін айтып, қоғаммен ашық диалог жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.