Қытайдың көне мақалына сүйенсек, «көктем – шешуші мезгіл». Бәлкім, сондықтан да жыл сайын наурыз айының басында елде «Екі сессия» немесе «лянхуэй» деп аталатын маңызды саяси жиындар өтеді. Бұл – Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының (БХӨЖ) және Қытай халықтық саяси консультативтік кеңесінің (ҚХСКК) отырыстары.
Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы, Қытай Халық Республикасының төрағасы әрі Орталық әскери кеңестің төрағасы Си Цзиньпин бейсенбі күні БХӨЖ-дің XIV шақырылымының төртінші сессиясы аясында Цзянсу провинциясы делегациясының талқылауына қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz Toppress.kz-ке сілтеме жасап.
Биылғы жыл Қытай үшін ерекше кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Елде 15-ші «бесжылдықтың» басталуы және Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуы атап өтілуде. Осыған байланысты «Екі сессия» тек өткен бесжылдықтың қорытындысын шығарып қана қоймай, сауда қақтығыстары мен жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қытайдың болашақ әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағытын айқындайды.
Айта кету керек, сыртқы қиындықтарға қарамастан, Қытай экономикасы тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2025 жылы елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 140 триллион юаньнан асып, бұл 20 триллион АҚШ долларынан жоғары көрсеткішке жетті. Мұндай оқиғалардың маңызы тек Қытайдың ішкі экономикалық дамуы үшін ғана емес, оның сыртқы саяси бағыты үшін де өте зор.
«Негізінде “Екі сессия” жүйесі үш маңызды функцияны біріктіреді. Олар – қоғамдық пікірді жинау, шешім қабылдау және оның орындалуын бақылау. Биылғы “Екі сессияның” жаңа бесжылдық жоспарлау кезеңінің басталуымен сәйкес келуі ерекше маңызды. Осы кезеңде елдің геосаяси және технологиялық өзгерістер жағдайындағы дамуына бағыт беретін ауқымды стратегия әзірленді», – дейді «Қытайды зерттеушілер қауымдастығы» қоғамдық қорының төрағасы, PhD докторы Қазбек Майгельдинов.
Үкіметтік баяндама барысында елдің негізгі даму мақсаттары ұсынылды. Қытай алдағы жылдары экономикалық өсімді 4,5–5% деңгейінде сақтауды жоспарлап отыр. Әлеуметтік-экономикалық негізгі міндеттердің қатарында қалалардағы жұмыссыздық деңгейін 5,5% шамасында ұстап тұру, 12 миллионнан астам жаңа жұмыс орнын ашу, тұтыну бағалары индексінің өсуін бақылау және халық табысын экономикалық өсіммен бірге арттыру бар.
Ұлттық бесжылдық жоспардың маңызды бағыттарының бірі – инновациялар, халықтың әл-ауқатын арттыру, төмен көміртекті экономикаға көшу және «жасыл» технологияларды дамыту. Биылдың өзінде Қытай қоршаған ортаны қорғау шараларын күшейтіп, көміртек бейтараптығына біртіндеп көшуге ниетті. Көміртек шығарындыларын азайту өндіріс, энергетика және көлік-логистика салаларын жаңғырту арқылы жүзеге асырылады. Алдағы бес жылда ел ЖІӨ-нің көміртек сыйымдылығын 17%-ға төмендетуді мақсат етіп отыр.
«Қарауға үш маңызды заң жобасы ұсынылды. Олар – ұлттық даму жоспарлау туралы заң, этносаралық бірлік пен прогресті қолдау туралы заң және экологиялық кодекс. Соңғысы Қытайдағы алғашқы кешенді экологиялық заң болмақ. Ол қоршаған ортаны ластаудың алдын алу мен “жасыл” трансформацияны қамтиды. Қазір Қытай энергия тұтынуын бақылаудан көміртек шығарындыларын екі деңгейлі бақылауға көшу мақсатын қойып отыр. Бұл – қазіргі әлемдегі маңызды үрдістердің бірі», – дейді саясаттанушы.

Сондай-ақ назарда жасанды интеллект, кванттық технологиялар, биотехнологиялар және жаңа энергия көздерін дамыту мәселелері де бар. Атап айтқанда, «Жасанды интеллект плюс» бастамасын кеңейтіп, өндіріс модельдерін жан-жақты жаңғырту жоспарланып отыр. Жаңа есептеу қуаттары, алгоритмдер және цифрлық технологиялар экономикалық және әлеуметтік дамуға серпін береді деп күтілуде.
Инновациялық және «жасыл» даму мақсатында ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалатын шығындардың орташа жылдық өсімі 7%-дан жоғары болады. Қытай үш халықаралық ғылыми-технологиялық инновация орталығын дамытып, оларды әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтарға айналдыруды көздейді. Қазірдің өзінде ел жаһандық инновациялық индекс бойынша алғашқы ондыққа кіріп, халықаралық патенттік өтінімдер саны бойынша әлемде бірінші орынға шыққан.
«Алдағы бесжылдықта қол жеткізу қажет негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер күн тәртібінде тұр. Басым бағыттардың бірі – технологиялық тәуелсіздік. Пекин АҚШ санкцияларынан туындайтын тәуекелдерді ескеріп, маңызды технологиялар импортына тәуелділікті азайтуды көздейді. Жасанды интеллект саласында AIPlus ұлттық бастамасы іске қосылған. Оның мақсаты – жасанды интеллектті экономика, мемлекеттік басқару және әлеуметтік салаға толық енгізу. Қытай бойынша 800 сарапшы арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде олардың 80%-ы жақын жылдары Қытайдың жасанды интеллект саласында үлкен серпіліс жасайтынын болжаған», – дейді саясаттанушы.

2025 жылы Қытайдың жасанды интеллект индустриясының негізгі салаларының жалпы көлемі 1,2 триллион юаньнан асып, бұл салада 6200-ден астам компания жұмыс істейді. Қазіргі уақытта өндірістік кәсіпорындардың 30%-дан астамы жасанды интеллект технологияларын қолданады. Қытайлық компаниялар 300-ден астам адам тәрізді робот үлгісін әзірлеген.
Билік интеллектуалды экономиканы дамыту, ірі есептеу кластерлерін құру және спутниктік интернетті жедел дамыту бағытында жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр.
Халықтың өмір сапасын арттыру жеті негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Олардың қатарында жұмыспен қамту, табыс деңгейі, білім беру, медициналық қызмет, денсаулық сақтау, сондай-ақ қарттар мен балаларға арналған әлеуметтік қызметтер бар.
2035 жылға қарай негізгі мемлекеттік қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету – социалистік жаңғырудың басты талаптарының бірі. Білім беру саласында еңбекке қабілетті халықтың орташа оқу мерзімін ұлғайту және тегін білім беру қамтуын кеңейту жоспарланған.
Жалпы алғанда, бесжылдық жоспар аясында Қытай 109 ұлттық жобаны жүзеге асырады. Олардың басым бөлігі азаматтардың өмір сапасын жақсартуға және жаңа өндірістік күштерді дамытуға бағытталған.
Айта кету керек, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының жұмысы нәтижесінде елде Жаңа Қытайдың алғашқы Конституциясы, тарихтағы алғашқы Азаматтық кодекс және шетелдік инвестициялар туралы заң қабылданды. Сондай-ақ 2000 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келген ауыл шаруашылығы салығы жойылды.

Аймақтық ынтымақтастықты күшейту
«Екі сессия» – тек Қытайдың ішкі саяси процесі ғана емес, сонымен қатар өңірдегі экономикалық үрдістердің маңызды индикаторы. Осы саяси шара барысында қабылданатын шешімдер Қытай экономикасының даму қарқынына әсер етіп, оның серіктес елдері үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады.
Шын мәнінде, бұл – Қытайдың Орталық Азия елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен алдағы жылдардағы экономикалық ынтымақтастығының бағытын айқындайтын маңызды сигнал.
«Қазақстан Қытайдың сыртқы экономикалық және көлік-логистикалық стратегиясында маңызды орын алады. Әсіресе “Бір белдеу – бір жол” бастамасы мен екіжақты ынтымақтастық аясында еліміздің рөлі ерекше. Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Қытай инвестициялары айтарлықтай деңгейге жетті және екі ел алдағы уақытта өзара тауар айналымын 50 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.
Сонымен қатар энергетикалық қауіпсіздік мәселесі де маңызды. Қазақстан үшін Қытай – энергетикалық ресурстар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі импорттаушысы. Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни “Орта дәліз” де стратегиялық маңызға ие. Бұл – Батыс Қытай мен Еуропаны байланыстыратын ең қысқа бағыт», – деді сарапшы.
Қазіргі Қытай – тек әлемдегі ірі өндірістік орталық қана емес, сонымен бірге қытайлық ерекшелігі бар социализм қағидаттары негізінде дамып отырған қуатты институционалдық жүйе. Ел біртіндеп Еуразиядағы экономикалық тартылыс орталығына айналып келеді. Ал басталған жаңа бесжылдық кезең жедел экономикалық өсімнің жаңа кезеңін білдіруі мүмкін.
Қазақстан үшін бұл процестер стратегиялық маңызға ие. Қытай экономикасының күшеюі құрлық арқылы өтетін сауда көлемін арттырып, Орталық Азия арқылы өтетін көлік-логистикалық бағыттардың рөлін күшейтеді.
Сондықтан наурыз айында өтетін «Екі сессия» тек Бейжіңде ғана емес, өңір елдерінің астаналарында да үлкен қызығушылық тудырады.
«Қытай мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың маңызды тетіктерінің бірі – ШЫҰ алаңы және Қытай – Орталық Азия C5+1 форматы. Өткен жылы Астанада өткен екінші саммитте мәңгілік тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл – Қытайдың аймақ елдерімен сапалы жаңа деңгейдегі ынтымақтастыққа көшкенін көрсететін маңызды құжат.
Қазіргі жағдайда Қытайдың “Екі сессияда” өз даму бағдарын айқындауы өте маңызды. Әлем бұл оқиғаларды мұқият бақылап отыр, өйткені Пекин күрделі кезеңде өзінің геоэкономикалық және технологиялық даму бағытын белгілейді. Қазақстан үшін де бұл шешімдердің маңызы зор», – деп қорытындылады сарапшы.
Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың дамуы аймақтық тұрақтылық пен экономикалық өсім үшін маңызды. Екі ел сауда, энергетика, көлік және инвестиция салаларында белсенді жұмыс істеп келеді.
Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы бірлескен жобалар инфрақұрылымды дамытуға, экспортты ұлғайтуға және екі мемлекет арасындағы саяси әрі мәдени байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Қытайдағы «Екі сессия» барысында қабылданатын шешімдер Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың болашақ бағытын айқындайтын маңызды факторлардың бірі болып қала береді.
