"Бензин қымбаттап жатыр". Ең жоғары баға Жамбыл облысында тіркелді

Dalanews 26 мам. 2025 12:21

Қазақстанда Үкімет ескерткендей, бензин бағасы ақырындап өсіп жатыр. Әсіресе, жиі сұранысқа ие АИ-92 маркалы бензиннің бағасы соңғы бір айда 0,4%, бір жылда 1,8%-ға өскен. АИ-95/96 маркалы бензин бағасы бір жылда 4,3%, ал АИ-98 3,2%-ға қымбаттаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Energyprom.kz ұсынған бұл талдаудан өңірлердегі бағада айырма барын байқауға болады.

Қай өңірлерде бензин қатты қымбаттады?

Соңғы бір айда бензин бағасы, әсіресе Жамбыл облысында айтарлықтай өсті – 1%. Сондай-ақ Абай, Түркістан облыстары мен Шымкентте де жанар-жағармай 0,8%-ға қымбаттады.

Керісінше, Ақтөбе мен Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында соңғы айда баға өзгермеген. Ал Батыс Қазақстан облысындағы баға, тіпті сәл арзандаған (0,1%).

Жылдық көрсеткіште бензин қатты қымбаттаған өңірлер – БҚО (4,8%), Ақтөбе (4,1%) облысы және Шымкент қаласы (3,1%). Баға екпіні ең бәсең өңірлер – Алматы қаласы (0,9%), Ақмола (1,1%) және Жетісу (1,7%) облыстары.

Қай қалада бензин қатты қымбат?

АИ-92 бензинінің орташа бағасы – 205 теңге. Ең қымбат баға Петропавлда тіркеліп отыр: 209 теңге, ең арзан баға Атырауға тиесілі: 195 теңге.

АИ-95/96 маркалы бензиннің орташа бағасы – 264 теңге. Ең жоғары баға Талдықорғанда (274 теңге), ең төмен баға – Атырауда (243 теңге) тіркелген.

АИ-98 бензині Алматыда қатты қымбат – 315 теңге, ал ең арзаны Ақтөбеде екен: 283 теңге.

Қазақстан жанар-жағармаймен өзін толық қамтамасыз ете алып отыр ма?

Жыл басынан бері Қазақстан ішкі нарықтағы жанар-жағармайға деген сұранысты толықтай дерлік өзі қамтамасыз етіп отыр. Елімізде қаңтар-ақпан айларында 1,1 млн тонна бензин өндірілсе, бұл - былтырғы жылмен салыстырғанда 20,8%-ға көп көлем.

Бензин импорты, керісінше 8,1%-ға азайып, бар-жоғы 101,8 тоннаны құрады. Ал Қазақстанның өзі осы кезеңде 6,7 мың тонна бензин экспорттап, түгелімен Өзбекстан нарығына өткізген.

"Бензин бағасының көтерілуі алдағы уақытта көлік қызметтері мен жалпы нарықтағы басқа тауарлар бағасына әсер етуі ықтимал. Себебі бензиннің әрбір теңгеге қымбаттауы – түптеп келгенде, қарапайым халықтың қалтасына түсетін қосымша салмақ", - дейді сарапшылар.

Бұған дейін сайтымызда "Бұл әлі басы". Бірнеше өңірде жанар-жағармай бағасы қымбаттап үлгерді" деген материал жарияланған болатын. Сондай-ақ  біздегі "Мемлекеттік реттеу алынып, жанар-жағармай мен дизель отынының бағалары еркіне жіберілді" деген мақаламен де таныса отырыңыздар. Биыл қаңтар айында Энергетика министрі Алмас Сәтқалиев жанар-жағармай бағасы ақпаннан бастап қымбаттайтынын,бұл тауар түрі жыл соңына дейін шамалылап үстеме баға қосып отыратынын айтқан еді


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар