Қазақстанда бензин мен сұйытылған газ бағаларына қатысты бұған дейін қолданылып келген мемлекеттік реттеу тетігі жойылып, бұл функцияның нарықтың өзіне қалдырылғалы жатқаны алдында жария етілген. Әрине, бұл бағаның қымбаттайтынын білдірері анық. Бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында да осыны байқатқан Үкімет басшысы Олжас Сүлейменов алыстан орағытып, қысқа-нұсқа: "Жанар-жағармай бағасының қатты өсуіне жол бермейміз" дей салды. Әрине, бұған қанағаттанбаған журналистер қауымы орайы келгенде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке төтесінен сұрақ қойды, деп жазады Dalanews.kz.
"Жанар-жағармай материалдары бойынша біз ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап бағалардың біртіндеп өсетінін күтіп отырмыз, сұйытылған газ үшін – жақын күндері. Тауарлық газ бойынша нарыққа қатысушылар үшін осы жылдың жазында баға алғаш рет көтеріледі деп күтіледі. Орташа есеппен алғанда, біз өткен жылы бағаны ырықтандырудың бірінші кезеңіне кірісіп кеткенбіз. Баға аралығын ұлғайттық: бір жерде 54 теңге болса, бір жерде 85 теңгеге дейін дегендей. Қазіргі шек 59-дан 90 теңгеге дейін. Ең жоғарғы шекті шамамен 64-тен 98 теңгеге дейінгі деңгейде белгілейміз. Осы шектер бойынша өңірлерге байланысты баға көтеріледі", - деді Сәтқалиев Үкіметте өткен брифингте.
Нақтылауды сұрағанда, министр, мәселен, бұл №92 маркалы жанар-жағармайдың 1 литрі 4 теңгеге қымбаттауы мүмкін дегенді білдіретінін жеткізді.
Әрине, бұл қымбатшылық өзге тауарлардың бағаларға әсер етері сөзсіз. Бұл ретте Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының күрт өсуіне жол бермеу үшін барлық қажетті әкімшілік шараларды қабылдайтынын айтты.
Бұған дейін сайтымызда "Бензин мен дизель отыны қымбаттағалы жатыр. Сарапшылар мұны неге жақсылыққа балайды" деген мақала жарияланған болатын.