"Бұл әлі басы". Бірнеше өңірде жанар-жағармай бағасы қымбаттап үлгерді

Кәмшат Тілеухан 18 ақп. 2025 11:00 451

Елімізде АИ-92 маркалы жанар-жағармайдың құны ақпан айының соңына қарай 4 теңгеге қымбаттайды. Бірақ сарапшылар қымбаттау мұнымен тоқтамайтынын, өйткені баға енді ғана еркіне жіберілгенін еске салады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Жанар-жағармай мен дизель отынының бағасынан мемлекеттік реттеу алынғаннан кейін, 1 ақпаннан бастап көтерме жеткізушілер бағаны өсірді. Олардың ішінде отын нарығының 80 пайызын қамтушы KC Energy Group және ҚазМұнайГаз компаниялары да бар. Бұл ақпан айындағы жанар-жағармай көлемін бөлшек саудадағылардың көтерме бағада қымбат сатып алып жатқанын білдіреді. Дизель отыны мен АИ-92 бензинінің көтерме бағасы орта есеппен 1 литрі 4 теңгеге өсті. Демек, ақпан айының соңына қарай, бұрынғы бағамен сатып алынған қор көлеміне байланысты, жанар-жағармайдың бөлшек саудадағы бағасы да 4 теңгеге қымбаттайды",делінген Қазақстанның мұнай өнімдері қауымдастығы түсініктемесінде.

Бұл ретте, қосылған 4 теңгенің 80%-ы, яғни 3 теңгесі акциз түрінде мемлекеттік бюджетке аударылатыны да нақтыланады.  

Сарапшылар баға сонымен бірқалыпты болып қалмайтынын, оның алда тағы өсетінін болжайды. Өйткені баға еркіне жіберілген.

Ал Tengrinews.kz еліміздің бірқатар өңірінде жанар-жағармай мен автогаз бағасы қымбаттап үлгергенін хабарлайды.

Елордада кейбір жанар-жағармай құю бекеттерінде АИ-95 маркалы бензин 265 теңгеден 268 теңгеге дейін қымбаттады. Ал АИ-92 маркалы бензин 205 теңгеден 207 теңгеге дейін қымбаттады. Қымбаттау 2-3 теңгені құрайды.

Алматыда тек  бұрын бір литрі шамамен 270 теңге болған АИ-95 маркалы бензин 280 теңгеден сатылуда. Қымбатшылық - 10 теңге.

Қарағандыда да бұл күндері бензин бағасы 2-3 теңгеге өскен: АИ-92 205 теңгеден 207 теңгеге дейін, ал АИ-95-тің бағасы 263 теңгеге жетті. Қарағандыдағы жанар-жағармай құю станцияларының көпшілігі, әзірге ескі бағаларды ұстап тұр.

Талдықорғандағы кейбір жанар-жағармай құю бекеттерінде бензиннің бағасы бұрынғы қалыпында тұрБірақ жекелеген ЖМҚС-да АИ-92 маркалы ең танымал бензиннің бір литрі 2-3 теңгеге қымбаттады: 205 теңгеден 207-208 теңгеге. 

Бұған дейін сайтымызда "Мемлекеттік реттеу алынып, жанар-жағармай мен дизель отынының бағалары еркіне жіберілді" деген мақала жарияланған болатын. Сондай-ақ қаңтар айында Энергетика министрі Алмас Сәтқалиев жанар-жағармай бағасы ақпаннан бастап қымбаттайтынын,бұл тауар түрі жыл соңына дейін шамалылап үстеме баға қосып отыратынын айтқан еді


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар