Белгілі актер Бекжан Тұрыстың 60 жас мерейтойы туған жерінде тойланып жатыр

Қаракөз Амантай 10 қаз. 2025 11:23

Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері, Алматы облысының құрметті азаматы, театр және кино актері Бекжан Тұрыстың 60 жас мерейтойына арналған “Өнер – тәуекелі жеткеннің тұғыры” атты әдеби-сазды кеші өтіп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мерейтой бағдарламасы Әлмерек Жаншықұлының ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Сондай-ақ аудандық мәдениет үйінде мерейтой иесінің шығармашылығына арналған фотокөрме ұйымдастырылды.

Кеш барысында Бекжан Тұрыс ойнаған спектакльдерден үзінділер сахналанып, Қазақстан эстрадасының жұлдыздары ән шырқамақ. Сонымен қатар М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актерлері “Бес бойдаққа бір той” спектаклін қояды.

Салтанатты шарада М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртістері, мәдениет және қоғам қайраткерлері төбе көрсетті. Олардың қатарында Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, Алматы облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлдиев, Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова, М.Әуезов театрының директоры Еркін Жуасбеков, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Нұрлан Оразалин,ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әубәкір Рахимов, Алматы облысының құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов,қоғам қайраткері Бауыржан Қаптағаев, сондай-ақ актердің ұстаздары мен шәкірттері бар.

Мерейтой иесіне деген ел құрметі ерекше болды. Аудан халқы ат мінгізсе, әріптестері мен бауырлары, кәсіпкерлер жаңа көлік сыйлады.

Белгілі театр сыншысы Әлия Бөпежанова Бекжан Тұрыстың шығармашылығына жоғары баға беріп, оның сахнадағы дара қолтаңбасы мен актерлік шеберлігін ерекше атап өтті.

“Жалпы актердің кейіпкерлерінің  жан дүниесіне  ену, болмысын  игеру тәжірибелері қызғылықты. Атап айтарлығы - ол детальдарға ерекше мән береді.  Сондықтан да оның  екінші пландағы, тіпті эпизодтық кейіпкерлерінің өзі толыққанды, жанды шығып, көрермен көкейінде жатталып қалады.   Мысалы, «Абайдың» кейінгі қойылымында (режиссер Е. Обаев) Жиреншенің Айдар мен Ажар арасындағы сүйіспеншілікке байланысты дауға билік айтатын сахнасын еске түсірелік.  Қазақта би біткен шешен. Дегенмен де Бекжан-Жиреншенің дестелетіп сөйлеуі,  сөз саптауы қандай!  Өзі сыр бермегенсігенмен, әбден қансорпасы шыққанын етектей қол орамалымен бет-мойнының терін бипаздап сүрте бергенінен, ең соңында орамалды желкесіне салып алғанынан сезесіз. Бітіспес жаулыққа бет алған Оразбайлар тобының белді өкілі Жиренше осал жау емес, өз уақытының, ортасының мықтыларының бірі. Актер ойыны осыны танытады. Әли апайдың бұл сөзін өздеріңіздей қалың көрерменнің атынан берілген баға деп қабылдаңыздар. Актер да театр өнері де жасай берсін!”, – деп бағалады.

Өнердегі әріптесі Тұңғышбай Жаманқұлов та актердің кәсіби биігі мен адамдық болмысы туралы сөз қозғады.

“Адалын айту керек, кейде режиссура да Бекжанның суреткерлік тыныс-табиғатына, өре-қарымына сай келе бермейді. Бекжанның кейде қоюшы-режиссердің қиял-шешімінен оза шабатыны бар. Негізінде Бекжан Тұрыс - ұлтжанды, қазақы жүрегі қаншыл, өмір мен өнерге үстірт қарамайтын ойлы азамат. Сөз саптауда арзан сөз айтпайтын шешен”, – деді ол.

Жазушы Зейнеп Ахметова өнер иесінің қойылымдарына тоқталды.

“Бекжанның бірнеше қойылымына бардым. Шәмшісі ерекше. Өйткені ол Шәмші әндерін өзі орындайтын мықты әнші ғой. Бекжанда шынайылық басым-деп ағынан жарыла айтқан  еді. Сондықтан осы арада Қазақстанның Халық жазушысы, драматург  Исрайыл Сапарбайдың “Сыған церенадасы” қойылымындағы  Шәмші бейнесіне зер салайықшы”, — деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар