Бектенов жаңа Салық кодексіне қатысты қоғамдағы алаңдаушылыққа негіз жоқ деп санайды

Кәмшат Тілеухан 15 шіл. 2025 11:56

Үкіметтегі брифинг барысында Үкімет басшысы Олжас Бектеновке көпті, әсіресе кәсіпкерлерін қауымын алаңдатқан алдағы қосымша құн салығына қатысты тағы сұрақ қойылды. Ол бұл ретте Бенджамин Франклиннің қанатты сөзін алға тарта отырып,  салық мөлшерінің артуы елдегі іскерлік белсенділік пен бизнес климатқа кері әсер етпеуі тиіс екенін жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Жаңа Салық кодексі, өздеріңіз білетіндей, қосымша құн салығын (ҚҚС) 16%-ға дейін арттыруды қарастырады. Әрине, салықты арттыру дегеніміз – халық үшін үнемі жайсыз әрі ауыр шешім, бірақ ол – мәжбүрлі шара. Аталған реформаның арқасында бюджетке қосымша табыс түседі және соның есебінен біз экономиканың даму қарқынын арттыратын боламыз. Экономика дамуы үшін, ең алдымен, сапалы инфрақұрылым қажет, ал инфрақұрылым бюджеттің қолдауынсыз қалыптаспайды", - деді ол.

Премьер-министрдің айтуынша, қазір Қазақстандағы бюджет деңгейінің даму үрдісі өте төмен. Ол экономиканың өсуіне ілесе алмай жатыр, соның салдарынан елдегі инфрақұрылым талапқа сай қарқынмен дамымауда.

"Жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін 2026 жылдан бастап бюджетке қосымша кіріс түседі. Соның нәтижесінде дамыту бюджеті қазіргі 8%-дық деңгейінен 18%-ға дейін ұлғаяды. Яғни, біз даму бюджетінің үлесін екі еседен астам арттыруды жоспарлап отырмыз", – деді Олжас Бектенов.

Оның пікірінше, бұл шара экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

"Әрине, салық көлемінің өсімі ешқашан сыртқы тараптан қолдауға ие болған емес. Бірақ бұл мәселеде бизнес, мемлекет және қоғам мүдделері арасында тепе-теңдік ұстау өте маңызды. Бенджамин Франклиннің "Бұл өмірде тек екі нәрсеге талас жоқ – өлім мен салық" деген атақты қанатты сөзі бар ғой. Өкінішке қарай, біздегі жағдай солай. Біз өз тарапымыздан салық өсімі кәсіпкерлік белсенділікке және бизнес климатқа кері әсер етпеуі үшін барлық шараларды қабылдаймыз. Біздің есебіміз бойынша, сондай қатты кері әсер болмайды", – деп сендіреді Премьер-министр.

Бұған дейін Олжас Бектенов "ұлттық валюта девальвацияға ұшырайды" деуге еш негіз жоқ екенін айтқан болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар