Бектенов: дайындық әлсіз болса, әкімдер жеке жауап береді

Бектенов: дайындық әлсіз болса, әкімдер жеке жауап береді
Prime-Minister

Қазақстанда өткен жылыту маусымы ірі апаттарсыз аяқталғанымен, Үкімет келесі кезеңге дайындықты күшейтуді талап етті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты кең көлемді баяндама жасап, өңірлерге нақты тапсырмалар берді.

«Өткен жылу беру маусымы аса бір қауіпті апаттық жағдайларсыз аяқталды. Электр станцияларындағы технологиялық бұзушылықтар саны былтырғы жылмен салыстырғанда 15%-ға азайды. 17 мың МВт электр энергиясы өндіріліп, тарихи ең жоғары деңгейге қол жеткізілді. Бұл – өткен жылыту кезеңімен салыстырғанда 7%-ға жоғары», – деді премьер-министр.

Оның айтуынша, бұл нәтижелер қыс мезгіліне дайындықтың сапалы жүргізілгенін көрсетеді. Сонымен қатар мемлекет басшысының тапсырмасы аясында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында биыл электр станцияларын жөндеу және жаңғырту жұмыстарына шамамен 384 млрд теңге қаралған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп. Ұлттық жоба аясында тек биылдың өзінде 130 шақырым жылу желілері мен 10,5 мың шақырым электр желілерін жаңғырту жоспарланған», – деді ол.

Премьер-министрдің сөзінше, бұл шаралар желілердің тозуын 48% және 62%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге Үкімет резервінен өңірлерді қолдауға қомақты қаражат бөлінген.

«Бүгінде Үкімет резервінен 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлу туралы шешім мақұлданды. Бұл қаражат Жетісу, Абай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында жылу көздерін жөндеуге және салуға, сондай-ақ төрт өңірде 30 шақырымға жуық жылу желілерін жаңартуға бағытталды», – деді Бектенов.

Алайда Үкімет басшысы кейбір өңірлерде жұмыстың баяу жүріп жатқанын сынға алды.

«Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде жұмыстардың созылып кету қаупі туындап отыр. Егер күзде энергия нысандарының дайындық паспорттары алынбаса, онда өңір әкімдері тікелей жауап береді», – деді премьер-министр.

Осыған байланысты ол нақты әрі қатаң тапсырмалар жүктеді. Бірінші кезекте әкімдіктер екі апта ішінде барлық конкурстық рәсімдерді аяқтап, жөндеу жұмыстарына кірісуі тиіс.

«Ешқандай басы артық бюрократия болмауы керек. Жылумен қамтамасыз ету нысандарын жөндеу жұмыстарын тамыз айының соңынан кешіктірмей аяқтау қажет», – деді ол.

Сонымен қатар білім беру және денсаулық сақтау нысандары 1 қыркүйекке дейін толық дайын болуы тиіс.

Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде барлық инфрақұрылым 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін толық дайын болуы керек.

Премьер-министр әкімдерге нысандарды жеке бақылауға алуды тапсырды.

«Әкімдер жылу нысандарына тұрақты түрде барып, жағдайды жеке бақылауда ұстауы қажет», – деді ол.

Екінші тапсырма «KEGOC» компаниясына қатысты болды. Энергетика министрлігімен бірлесіп, 25 мамырға дейін ұлттық маңызы бар станциялардың жұмыс режимдерін бекіту қажет.

Сондай-ақ жөндеу жұмыстарының көлемін қысқартуға қатаң тыйым салынды.

Үшінші бағыт – отын қоры. Энергетика және Көлік министрліктері әкімдіктермен бірге 1 қыркүйекке дейін жылу көздері мен теміржол тұйықтарында қажетті отын қорын алдын ала жинақтауы тиіс.

Премьер-министр барлық жұмыстар белгіленген мерзімде әрі толық көлемде орындалуы керектігін қатаң ескертті.

Осылайша, Үкімет алдағы жылыту маусымына дайындықты күшейтіп, өңірлерге жауапкершілікті тікелей жүктеп отыр.