Бауыржан Ысқақов: Экономикалық өсімнің тұрақтылығы реформалардың толық орындалуына тікелей байланысты

Dalanews.kz 12 там. 2025 12:58

Бүгін Ұлттық статистика бюросы 2025 жылдың алғашқы 7 айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,3%-ға өскенін хабарлады. Үшінші тоқсанның алғашқы айында экономиканың жыл басындағы даму қарқыны сақталған. Егер тамыз бен қыркүйек айларында да осы деңгей сақталса, ел экономикасы биылғы жылы 6%-дан жоғары өсім көрсетеді деген болжам айтылуда.

Үкіметтің мәліметіне қарағанда, экономикалық өсімге ең үлкен үлес көлік пен қойма, құрылыс, көтерме және бөлшек саудада, тау-кен өнеркәсібіне және өңдеу өнеркәсібіне тиген. Бұл жайында тәуелсіз сарапшы, экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірін сұрап білген едік.

– Қазақстан экономикасы биылғы жеті айда 6,3% өсім көрсетті. Бұл қарқын күтілген нәтижеге сай ма? Осы өсімнің негізгі қозғаушы күштері қандай болды деп санайсыз?

– 6,3 пайыздық өсім, шыны керек, жаман емес. Осы 7 айдағы 6,3 пайыз өсім – соңғы жылдардағы ең жоғары қарқындардың бірі. Әрі бұл Үкіметтің жылдық болжамына қарағанда жоғары. Бізде жылдық болжам 5 пайыз төңірегінде болған.

Бұған әсер еткен негізгі факторлар – бірінші кезекте құрылыс пен көлік саласы, ірі инфрақұрылымдық жобалар, жаңа тұрғын үй бағдарламалары. Сондай-ақ транзиттік дәліздер, атап айтқанда Қытай мен Еуропа бағытындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағыты әсер етті деп айтуға болады. Сауда секторы да маңызды рөл атқарды: ішкі сұраныстың өсуі, импорт көлемінің артуы, тұтынушылық белсенділіктің жоғары болуы да өсімге ықпал етті. Үшіншіден, өңдеу өнеркәсібі: металлургия, азық-түлік, химия өнімдері өндірісінің ұлғаюын атап өтуге болады. Сонымен қатар, қызмет көрсету саласы – туризм, қоғамдық тамақтану, логистика сияқты бағыттардың да үлесі бар.

– Қай салалардағы өсім ерекше назар аудартады? Мысалы, транспорт, құрылыс және сауданың серпіні нені білдіреді? Бұл тұрақты үрдіске айнала ала ма?

Бұл салалардағы ерекше өсім мен тұрақтылық мәселесіне келсек, көлік – транзиттік тасымалдар мен логистикаға тікелей байланысты. Қытай – Орталық Азия – Еуропа бағытының қайта жандануының әсерінен өсіп отыр. Бұл геосаяси жағдайда Қазақстанның құрлық хабына айналуына мүмкіндік береді.

Құрылыс саласы – мемлекеттік бағдарламалар, ипотекалық қолдау және жеке инвестициялар әсерінен дамуда. Дегенмен, ипотека нарығындағы реттеулер болса, қарқыны баяулауы мүмкін. Мұны да ескеру керек.

Ал сауда халықтың тұтыну шығыстары мен импорттық тауарларға сұраныстың артуынан өсіп отыр. Бұл қысқа және орта мерзімді тұрақтылыққа ие. Бірақ инфляция мен импортқа тәуелділік тәуекелдері бар екенін де ұмытпау қажет.

– Аймақтардағы көрсеткіштер де әртүрлі. Кей облыстарда құрылыс немесе сауда күрт артқан. Бұл өңірлік даму саясатындағы өзгерістермен байланысты ма, әлде басқа факторлар әсер етті ме?

– Құрылыс және сауда көлемінің күрт артуы кей өңірлерде ірі жобалардың іске қосылуымен, яғни әкімшілік орталықтарда жаңа тұрғын аудандардың, өндіріс орындарының дамуы нәтижесінде орын алып отыр. Кейбір аймақтарда көрсеткіштердің жоғары болуы инвестиция тарту саясатының нәтижесі. Мысалы, Атырау, Түркістан, Алматы облыстарында инвестициялық тартымдылық жоғары. Сонымен қатар, инфрақұрылымдық даму, логистикалық хабтарға жақындық және шекаралық сауданың белсенділігі де әсер етіп отыр.

– Өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығындағы өсімге қарап, Қазақстан экономикасының әртараптандырылуы қаншалықты сәтті жүріп жатыр деп бағалар едіңіз?

– Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім – экономиканы шикізаттық бағыттан алшақтатуға жасалған қадам. Мысалы, мұнай-газ химиясы, металл өңдеу, азық-түлік өндірісін айтуға болады. Ауыл шаруашылығында да өсім бар, бірақ ол көбіне өнім бағасының көтерілуі және мемлекеттік субсидияның әсерінен туындап отырғанын ескеруіміз керек. Яғни, диверсификация әлі де толық жетілген жоқ, бірақ қарқын бар. Шикізаттық емес экспорттың үлесі жыл сайын ақырындап азайып келе жатқаны байқалады.

– Қазіргі экономикалық өсім халықтың тұрмысына нақты әсер ете бастады ма? Мысалы, жұмыс орындарының саны, табыс деңгейі, инфляция көрсеткіштері тұрғысынан не айтуға болады?

– Әрине, ол бірінші кезекте жұмыс орындарының көбеюінен көрінеді. Құрылыс, қызмет көрсету, көлік салалары жаңа жұмыс орындарының ашылуына тікелей әсер етуде. Екіншіден, номиналды жалақының өсуі байқалады. Алайда, инфляция әсерінен нақты табыс баяу өсіп келеді. Жылдық инфляция көлемі 9-10 пайыз деңгейінде, бұл тұрмыстық жағдайға кері әсер етеді. Халықтың экономикалық өсімді шын мәнінде сезінуі үшін инфляцияны 5 пайызға дейін төмендетіп, бағаны тұрақтандыру қажет. Сонда ғана экономикалық өсімнің нәтижесі халыққа айқын сезіледі.

– Ел экономикасының осындай көрсеткіштерге қол жеткізуіне мемлекеттік саясаттың, экономикалық реформалар мен бастамалардың әсері болды деп ойлайсыз ба?

– Жалпы Мемлекет басшыс Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық бағыты – индустрияны әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңарту, цифрландыру және инвестиция тартуға негізделген. Бұдан бөлек, биыл қабылданған салық реформасы, бизнесті қолдау шаралары және жаңа көлік дәліздерін дамыту да өсімге ықпал етуде. Дегенмен, бұл нәтижелердің тұрақтылығы реформалардың толық орындалуына және сыртқы экономикалық жағдайларға тікелей байланысты. Қорыта айтқанда, экономикалық өсімнің тұрақты болуы үшін орталық пен жергілікті деңгейдегі басқару тиімділігін арттыру қажет. Экономикалық даму тек ірі қалалар мен қаржы көп бөлінетін өңірлерде ғана емес, шекаралық аймақтарда, моноқалаларда және шалғай елді мекендерде де қатар жүруі тиіс. Сонда ғана толыққанды экономикалық реформаның нәтижесін көруге болады. Ал егер біржақты даму орын алса, оның салдары да кері болуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар