Атырау облысында «Batys Petroleum» компаниясына қатысты монополиялық заңнаманы бұзды деген күдікпен тергеу басталды. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп.
Агенттіктің Атырау облысы бойынша департаменті «Batys Petroleum» ЖШС-не қатысты тергеуді жергілікті кәсіпкердің шағымы негізінде бастаған. Шағымданушы компанияның вагон-цистерналарды жөндеу қызметтеріне монополиялық жоғары баға белгілегенін айтқан. Бұл вагондар мұнай өнімдерін тасымалдау үшін пайдаланылады.
«Егер монополияға қарсы заңнаманың бұзылуы расталса, Batys Petroleum-ға жылдық айналымының 3-5%-ы мөлшерінде айыппұл салынады, монополиялық табысы тәркіленеді немесе бағаны экономикалық негізделген деңгейге дейін төмендету туралы нұсқама беріледі», - делінген агенттік мәлімдемесінде.
«Batys Petroleum» ЖШС 2015 жылы мамыр айында Атырау қаласында тіркелген. Негізгі қызметі - вагон-цистерналарды жөндеу, тексеру және мұнай өнімдерін құюға дайындау. Алайда компания құрылтайшыларының тізімі көпшіліктің назарын аударып отыр.
Компанияның жалғыз иесі - «Petroleum» ЖШС. Ал «Petroleum»-ға үш заңды тұлға иелік етеді:
•PTC Holding - Тимур Құлыбаевтың бизнес-құрылымы. Ол бұл компанияны «Кипрос» ЖШС арқылы бақылайды.
•«Neoholding» ЖШС - құрылтайшылары қатарында PTC Holding, Нидерландыда тіркелген ADNTS Holding B.V. (Құлыбаевпен байланысы бар) және бизнесмен Данияр Әбілғазин бар.
•«Эридан Инвест» ЖШС - компания туралы мәлімет аз, бірақ ол да осы тізбектің бір бөлігі.
Бұл - агенттіктің Құлыбаевқа қатысты бірінші тергеуі емес. Өткен жылы агенттік Құлыбаев бақылауындағы «Сұйытылған мұнай газы қоймасы» ЖШС-не миллиард теңгеден астам айыппұл салған еді. Сол кезде компания нарықтағы үлесін пайдаланып, сұйытылған газға жоғары баға белгілегені анықталған.
Қазір «Batys Petroleum» ісі бойынша тергеу жалғасып жатыр. Егер компанияның баға саясаты заңға қайшы деп танылса, бұл Атырау облысының мұнай сервистік нарығында айтарлықтай өзгерістерге алып келуі мүмкін.