Халықаралық іздеуде жүрген күдікті Түркиядан Қазақстанға жеткізілді

Халықаралық іздеуде жүрген күдікті Түркиядан Қазақстанға жеткізілді
Күдікті. Видеодан кадр: ҚМА баспасөз қызметі

"The Finiko" қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарды деген күдікке ілінген тұлға Түркиядан Қазақстанға қайтарылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдікті 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде болған. Оны Қазақстанға жеткізу операциясына Алматы қаласы бойынша ҚМА департаменті, Интерполдың Ұлттық орталық бюросы және прокуратура органдары қатысқан.

Тергеу дерегінше, "The Finiko" нақты кәсіпкерлік немесе инвестициялық қызметпен айналыспаған. Бұрын тартылған қатысушыларға төлем жаңа салымшылардан түскен қаражат есебінен жүргізілген.

Осы схема арқылы табыс түсіп жатқандай әсер қалыптастырылып, азаматтардан жаңа қаражат тарту жалғасқан.

ҚМА мәліметі бойынша, күдіктінің әрекеті салдарынан қаржы пирамидасына 160 млн теңгеден астам салымшы қаражаты тартылған.

Сонымен қатар сотқа дейінгі тәркілеу аясында күдіктіге тиесілі, құны 221 млн теңге болатын жер телімі мемлекет кірісіне алынған.

Бұған дейін осы қылмыстық іс бойынша үш адам сотталып, оларға мүлкін тәркілеумен бірге алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. ҚМА Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.