Қазақстан Қаржы министрлігі 2029 жылға қарай салықтық рәсімдерге кететін уақытты екі есе қысқартып, адал бизнесті тексеру санын азайтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Digital Qazaqstan 2029 панельдік сессиясында айтылды. Ведомство өкілдері салықтық әкімшілендіруді цифрландырудың негізгі мақсаты тек тексерулер санын азайту емес, бақылауды нақты тәуекелдерге бағыттау екенін атап өтті.
Бұл үшін мемлекет салық төлеушілер туралы қолда бар деректерді барынша пайдалануды көздеп отыр. Төлемдер, тауарлар мен операциялар туралы ақпарат бірыңғай цифрлық ортада жинақталса, бірқатар есептеулерді автоматты түрде жүргізуге және кәсіпкерлерден бір ақпаратты қайта-қайта сұратуды азайтуға мүмкіндік туады.
Осы бағыттағы негізгі құралдардың бірі – Smart Data Finance жүйесі. Қазір ол 80 дереккөзден ақпарат алады. 2026 жылдың соңына дейін жүйеге тағы 20 дереккөзді қосу жоспарланған. Осы мәліметтер негізінде 20,4 млн жеке тұлғаның, 1,7 млн жеке кәсіпкердің және 590 мың компанияның цифрлық профилі қалыптастырылған.
Цифрландырудың бірқатар элементтері қазірдің өзінде жұмыс істейді. Мәселен, мүлік, жер және көлік салықтары автоматты түрде есептеледі, ал қосылған құн салығы бойынша декларация алдын ала толтырылады. Келесі кезеңде шағын бизнеске арналған оңайлатылған декларацияны енгізу жоспарланып отыр.
Салықтық бақылауда жасанды интеллектіні пайдалану да кеңеймек. Мемлекеттік кірістер комитетінің ИИ-ассистенті бір сұрау арқылы 100-ге дейін контрагентті тексеруге мүмкіндік береді. Ал кедендік көмекші 9 млн-нан астам декларация негізінде оқытылып, тауардың кодын анықтауға көмектеседі.
Жасанды интеллектінің тәуекелдерді анықтаудағы мүмкіндігі параллельді тестілеу кезінде де байқалған. 2025 жылдың үшінші тоқсанындағы камералдық бақылауды сынақтан өткізу барысында ИИ-модель дәстүрлі тәсіл анықтамаған қосымша 672 заңбұзушылықты анықтаған.
Сонымен қатар цифрлық бақылау тауар айналымының ашықтығын арттыруға бағытталмақ. Ұлттық каталогта 32 млн-нан астам тауар позициясы бар, ал 700 млн-нан астам фискалдық чек тауар кодтарымен қалыптастырылған. Бұл деректер көлеңкелі экономиканың көлемін азайтуға мүмкіндік беретін құралдардың біріне айналмақ. 2029 жылға қарай оның үлесін 16,7 пайыздан 13,8 пайызға дейін төмендету жоспарланған.
Цифрландыру мемлекеттік шығындарды бақылауға да енгізіліп жатыр. Қаржы министрлігі бағаны салыстыру кезінде шамамен 1 млрд фискалдық чек пен маркетплейстердегі мәліметтерді пайдаланатын деректер базасын қалыптастырған. Ведомствоның бағалауынша, мемлекеттік сатып алуда медианалық бағаларды қолдану жылына 200 млрд теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бюджет қаражатының қозғалысы да онлайн режимде бақыланады. Қазір мониторинг 9,7 трлн теңге көлеміндегі бюджет төлемдерін қамтиды. 2024 жылдан бері 703 млрд теңгеге бағаланған тәуекелді төлемдер анықталған.
Мемлекеттік қолдауды бөлу жүйесі де цифрландырылмақ. Әзірленіп жатқан Цифрлық бизнес картасы 2,4 млн шағын және орта бизнес субъектісі туралы мәліметті және жылына шамамен 1,5 трлн теңге көлеміндегі 150 қолдау шарасын біріктіреді. Жүйе кәсіпкер өтініш бермей тұрып-ақ оған сәйкес келетін мемлекеттік қолдау құралдарын ұсынуы тиіс.
Қаржы министрлігі 2027 жылы жасанды интеллектіні қызметтің сегіз бағытына енгізуді жоспарлап отыр. Олардың қатарында бюджет кірістері мен шығыстарын болжау, сондай-ақ салық және кеден мәселелері бойынша кеңес беру бар.
Жалпы, 2029 жылға дейінгі жоспардың негізгі мақсаты – адал бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, бақылауды нақты тәуекелдерге шоғырландыру және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын цифрлық құралдар арқылы күшейту.