Алматы облысында тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» діни-экстремистік ұйымының қызметіне қатысы бар деген күдікке ілінген азаматтарға қатысты жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құқық қорғау органдарының үйлестіруімен полиция қызметкерлері арнайы операция ұйымдастырған. Іс-шаралар Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылында өткізілген. Алдын ала мәлімет бойынша, Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» ұйымының жергілікті тобына 25 тұрғын тартылған болуы мүмкін.
Күдіктілердің тұрғылықты мекенжайларында және жеке өздеріне санкцияланған тінту жүргізу барысында электронды құрылғылар мен діни мазмұндағы материалдар тәркіленді. Атап айтқанда, 11 смартфон, 93 кітап, 16 брошюра, 2 дәптер және діни сипаттағы жазбалар сақталған блокнот алынған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қажетті тергеу және процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр.
Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тәркіленген әдебиеттер мен электронды материалдарға сараптама жасалуда. Сонымен қатар күдіктілердің тыйым салынған ұйым қызметіне қаншалықты қатысы болғаны тексерілуде.