Кеше ғана елден кетіп, Ресейде жасырынғалы алғаш рет мәлімдеме жасаған Сирия президентінің пана тапқан жеріне 250 миллион доллар тасып алғаны белгілі болды. Онда да бұл оның билікте отырған кезі - 2018 жылдың наурызы мен 2019 жылдың қыркүйегі аралығында болған. Қомақты қаражат Сирияның орталық банкінен алынып, бүгіндері санкцияға ұшыраған ресейлік қос банктің шоттарында жатқан көрінеді. Financial Times басылымының бұл реттегі зерттеуін Dalanews.kz өз назарларыңызға ұсынады.
Financial Times мәліметінше, 250 млн долларды Ресейге тасу үшін Асад Мәкеуге 21 рейс жасапты. Басылым соның ішінде екі рейске қатысты толық мәлімет ұсынады. Бірінде, яғни 2019 жылдың ақпанында Сирияның орталық банкі Мәскеуге шамамен 20 миллион евро, ал сол жылдың мамырында тағы 10 миллион доллар жөнелткен. Сөйтіп олардың бірі бүгіндері АҚШ санкциясына ұшыраған "Ресей қаржы корпорациясы" (РҚК), екіншісі ЦМРБанк шоттарына келіп түскен.
Ал бұл арадағы РҚК Ресейдің қару-жарақ экспорты жөніндегі мемлекеттік компаниясы болып табылады, яғни Рособоронэкспорттың құрылымы. Бұл – бір.
Екіншіден, басылым дереккөзі осындай қаражат алынып жатқанда Сирияның мемлекеттік қазынасы, яғни 2018 жылы елдің валюталық резерві "нөл" болғанын айтады.
"Санкцияларға байланысты Сирияның орталық банкі Ресейден бидай сатып алуда, ақшаны басып шығару қызметтері, сондай-ақ "қорғаныс" шығындарын төлеу үшін қолма-қол ақшамен есеп-айырысуға мәжбүр болды", - дейді газет сұхбатшысы. Оның айтуынша, орталық банк "қазынада барын берген".
Financial Times Сирияның орталық банкі "сириялық диктатор Кремльге әскери қолдауы үшін қарыздар болған кезде және оның туыстары Ресейден активтерді жасырын сатып алып жатқанда" Мәскеуге ақша аударғанын баса атап көрсетеді. 2019 жылдың өзінде Financial Times Башар Асадтың туыстары 2013 жылдан бастап Мәскеуде кем дегенде 20 жылжымайтын мүлік, оның ішінде "Москва-Ситиден" 19 пәтер сатып алғанын жазған болатын.
Ал бұл ретте Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад ләм-мим деп жақ ашпайды. Елден кеткеннен кейінгі алғаш рет кеше жасаған мәлімдемесінде ол өзінің қашқын емес екенін дәлдеуге барынша тырысқан.
"Мен жоспарлы түрде Отанымды тастап, қашып кеткенім жоқ. Бірақ солай көрсеткісі келіп жатқандар бар. Көтеріліс болып жатқан соңғы сағаттарда да елден кетпедім. 8 желтоқсанның таңына дейін өз міндеттерімді орындап, Дамаскіде болдым... Осы оқиғалар барысында менің, сол секілді басқалар тарапынан да саяси баспана беру немесе отставкаға кету туралы мәселе көтерілген жоқ", - делінген бұрынғы мемлекет басшысы кеңсесінің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған оның мәлімдемесінде.
Саясаткердің айтуынша, ол қарулы оппозиция күштері қалаға бастап-көктеп кіргеннен кейін ғана астанадан кеткен. Ол Латакияға сапар шегіп, сол жерден жауынгерлік операцияларды бақылауды жоспарлаған. Бірақ Ресейдің Хмеймим әуе базасына келіп жеткенде ол Дамаскінің құлағанын естиді.
"Мәскеу база қолбасшылығынан мені 8 желтоқсанда кешке Ресейге жедел эвакуациялауды ұйымдастыруды талап етті. Бұл Дамаск құлағаннан кейін бір күн өткен соң болды", - деп атап өтті Асад.
Бұрынғы президент өзінің халқы мен армиясынан бас тартпағанын және елден кетуіне Сирия Қарулы күштеріндегі аласапыран мен мемлекеттік институттардың тоқырауы түрткі болғанын атап өтті. Сондай-ақ ол "террористер" билікті басып алғаннан кейін президенттің елде қалуы мағынасыз болатынын нақтылапты.
Бұл оның қарулы топтың әкесінің қабірін басып алғаннан кейінгі, әлде қаржылық жағдайына қыспақ келіп жатқаннан жасаған мәжбүрлі мәлімдемесі ме, ол жағын біле қоймадық.
Айта кетсек, қараша айының соңынан бастап қарулы топтар Сирияның бірнеше ірі қалаларын басып алды, соның ішінде Дамаскіге де баса-көктеп кірді. Сегізінші желтоқсанда мемлекеттік теледидар эфирінде оппозиция өкілдері ел билігіне келгендерін мәлімдеді.