Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы “Qazaqstan” ұлттық арнасына оразаның мәні мен маңызы, Рамазан айының қадірі мен қасиеті жөнінде арнайы сұхбат берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сұхбат барысында Бас мүфти Рамазан айының ерекшелігін атап өтті.
“Рамазан – күллі мұсылман әлемі үшін қасиетті де берекелі ай. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айы кіргенде адамдарды былай деп сүйіншілейтін болған: “Сендерге Рамазан айы келді, бұл берекеге толы ай. Алла осы айда оразаны парыз етті. Бұл айда жәннат есіктері айқара ашылып, тозақ есіктері жабылады”. Ата-бабаларымыз да бұл ай кірісімен бір-бірін құттықтап, балалар үй-үйді сүйіншілеп: “Мұхаммед үмбетіне айтқан жарапазан, оразаң қабыл болсын ұстаған жан!” – деп, жарапазан айтатын.
Бұл айда адамзат баласын тура жолға, білімділік пен бейбітшілікке үндеген Қасиетті Құранның алғашқы аяттары түскен. Бұл қасиетті айды күллі мұсылман жұртшылығы сағынып, ерекше қадірлеп, асыға күтіп алады. Алла Тағаланың әміріне бас иіп, ораза ұстап, мұқтаждарға жәрдемдесіп, тағат-құлшылықтар жасап, жан дүниесі рухани демалады. Алла Тағала Рамазан айындағы оразамызды, Қадір түніндегі дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Келесі Рамазан айына аман-есен жетуімізді Алла нәсіп етсін! Әмин!”, — деді ол.