Банктер ағымдағы шотта жатқан ақшаға сыйақы тағайындау құқығына ие болуы мүмкін

Кәмшат Тілеухан 24 қыр. 2025 15:32

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) "банк шоттарындағы қалдық қаражаттарға пайыздық сыйақы тағайындауға салынған тыйымның күшін жоюға қарсы емес". Бұл туралы агенттік басшысы Мәдина Әбілқасымова Алматыда өтіп жатқан  k25 форумынан тыс дәлізде журналистерге берген сұқбатында айтты. Ол вице-премьер Серік Жұманғариннің бұл реттегі ұсынысын қолдайтынын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айта кетсек, күні кеше Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Bloomberg басылымында сұқбаты жарияланды. Онда вице-премьер Қазақстанда банктердің ағымдағы шоттағы ақшаға сыйақы төлеуге рұқсат беру мәселесі қаралуы мүмкін екенін айтқан. Бұл тыйым елімізде 2019 жылдан бері қолданылып келеді. Bloomberg келтірген дерекке сүйенсек, қазір Қазақстанда компаниялардың ағымдағы шоттарында 6,11 трлн теңге, ал халықтың шотында 3,49 трлн теңге қордаланған.

"Бұл жайт (шоттардағы ақшаға сыйақы есептеуге тыйым салудың күшін жою туралы) пысықталып жатыр. Тыйым 2019 жылы Азаматтық кодекс шеңберінде енгізілді. Бұл шешімді қабылдауға әртүрлі себеп болды. Ағымдағы шоттарға сыйақы есептеуге тыйым салудың күшін жою бастамасының оң және теріс тұстары да бар. Ең бастысы, егер шешім қабылданса (тыйымның күші жойылса), ағымдағы шоттар бойынша сыйақы мөлшерлемелері депозиттердегідей болады деуге болмайды. 2018 жылы ағымдағы шоттар бойынша пайыздар есептелгенде ол депозиттерге қарағанда бірнеше есе төмен болған. Шамамен 1-3% айналысында", - деді Мәдина Әбілқасымова.

ҚНРДА бұл бастаманың осал тұстарының бірі ретінде банктердің тұрақты қорландыру базасының төмендеуі ықтимал деп санайды.

"Реттеуші орган ретінде біз банктерде тұрақты қорландыру базасы болғанын қалаймыз. Ол неғұрлым тұрақты болса, соғұрлым жақсы. Егер қаражат мерзімді, жинақтаушы депозиттерде сақталса, бұған қол жеткізуге болады. Қорландыру базасы неғұрлым ұзақ мерзімді болса, банктер соғұрлым ұзақ мерзімді кредиттер бере алады", - дейді ол. 

Сонымен қатар агенттік аталған бастаманы қолданысқа енгізудің тағы бір тәуекелі ретінде ағымдағы шоттар бойынша сыйақы мөлшерлемесін есептеуде банктердегі қорландырудың орташа құнының арту ықтималдылығын атап көрсетеді.

"Бұл шығындар (ағымдағы шоттардағы ақшаға сыйақы мөлшерлемесін тағайындау бойынша) қарыз алушыларға қайта артылады деген алаңдаушылық бар. Бұл корпоративтік несиелер, сол секілді тұтынушылық несиелер бойынша да ставкалардың өсуіне әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан бұл арада белгілі бір тепе-теңдікті сақтау қажет. Жалпы, реттеуші орган ретінде біз ағымдағы шоттарға сыйақы мөлшерлемесін есептеуге салынған тыйымның күшін жоюға қарсы емеспіз. Бірақ бұл мәселе Ұлттық банкпен зерттелуде және болашақта қандай да бір шешім қабылданатын болады", - деп есептейді Мәдина Әбілқасымова.

Сондай-ақ, ол "реттеуші орган ағымдағы шоттар сыйақы мөлшерлемесін шектеуді жоспарлап отыр ма, жоқ па" деген сұраққа да жауап бере кетті.

"Менің ойымша, біз ондай шоттар бойынша пайыздарды реттеп жатпаймыз", - деп сөзін түйіндеді Мәдина Әбілқасымова.  

Мемлекеттік кірістер органдарының дерегі бойынша, Қазақстанда тіркелген 426 642 заңды тұлғаның 1 294 610 банктік шоты бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар