Ресейлік блогер Карина Фадеева Бали аралында демалып жүрген кезінде өзіне Қазақстаннан шыққан модель Гүлсезім Алтайбекова шабуыл жасағанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Фадееваның сөзінше, оқиға барлардың бірінде болған. Ол құрбыларымен өз үстелінде отырған, ал көрші үстелде бір топ ер адам мен бір қыз демалып отырған. Кенет блогердің айтуынша, ол күтпеген жерден соққы алып, есінен танып құлап қалған. Одан кейін тек жедел жәрдем мен дәрігерлердің көмегін ғана есіне алады.
Фадеева басынан және ернінен жарақат алып, көп қан жоғалтқанын, оған тігіс салынғанын айтты. Қазір де басы қатты ауырып, дәрі-дәрмек ішіп жүргенін, оң құлағы әлі дұрыс естімейтінін жеткізді.
Жәбірленушінің айтуынша, ол шабуыл жасаған қызды мүлде танымайды және мұндай әрекетке не себеп болғанын түсінбейді. Фадеева күдіктімен ортақ таныстары арқылы байланысқа шыққанын, алайда кездесуге өзі бармағанын айтты. Оның сөзінше, қыз кінәсін мойындамай, «ештеңе есімде жоқ» деп жауап берген және тек кешірім сұрауға дайын екенін білдірген.
Карина Фадеева бұл оқиға бойынша әділ жазаға қол жеткізуге ниетті екенін мәлімдеді.
